Уақытша қамау изоляторында отырған 165 адам сайлауда таңдау жасады
Петропавл қаласындағы №656 жабық сайлау учаскесінде күдікті, айыпталушы, үкімі күшіне енбеген және тергеумен тұтқынға алынған 165 адам дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚазАқпарат мәліметіне жүгінсек, сайлау учаскесі толық жабдықталған.
«Конституциялық заңға сәйкес, үкімі заңды күшіне енбеген, тергеу изоляторындағы азаматтар дауыс беру құқығына ие. Мекеменің басшылығы мен қызметкерлері сайлау учаскесін толықтай жарақтандырып, дауыс берушілер үшін бар жағдай жасаған. Сонымен қатар бақылау да тиісті деңгейде болды», - деп хабарлайды қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
19 наурызда қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды. Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Сайлау тізіміне 12 миллионнан астам азамат кіреді.
Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы тиіс.