Түркістан облысында шаңырақ көтерген жастар сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Жетісай ауданында 75 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

Жетісай ауданына қарасты Жаңа ауыл елді мекеніндегі №216 сайлау учаскесінде жас отбасы келіп дауыс берді. Бұл туралы Azattyq Ruhy өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Шаңырақ көтерген жас отбасы ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы күнін елеусіз қалдырған жоқ. Сайлау учаскесінде оларды көпшілік ерекше құрметпен қарсы алды.

«ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы – бұл әр адам үшін маңызды күн. Бұл күні әркім өзінің азаматтық таңдауын жасап, сайлауға белсенді түрде қатысуы керек. Мен еліміздің патриоты ретінде бұл күнді назардан тыс қалдырмай, келіншегіммен бірге келіп дауыс бердім. Барша ауылдастарымды, ел азаматтарын дауыс беруге шақырамын», - деді жас отбасының отағасы Мамыр Абай.

Айта кетсек, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Қожамқұл Темірбековтің мәліметінше, аудандағы 75 сайлау учаскесінде дауыс беру құқығы бар 101 869 азамат тіркелген және осы сағатқа дейін ешқандай заңбұзушылық болмаған.