Оның айтуынша сайлаушылардың құқықтық жауапкершілігі жоғарылаған
Сайлауға қатысушылардың белсенді болуы қоғамдағы азаматтық жауапкершіліктің жетілгенін білдіреді. Бұл туралы әлеуметтанушы Дулат Өтеғали мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Үгіт-насихат кезіндегі жұмыстың барынша ашық болуы қоғамдағы саяси реформалардың көрінісі саналады. Әлеуметтанушы Дулат Өтеғалидың пікірінше, қоғам кандидаттарға қатысты ашық пікір білдірді. Сәйкесінше, билік пен халықтың арасында саяси коммуникация қалыптасты.
«Сайлау жақсы деңгейде өтіп жатыр. Ол қазіргі азаматтық қоғамның көрінісі. Сайлаушылар отбасыларымен бірге келіп дауыс беріп жатыр. Мына сайлау жаңашылдықтың бірі саналады. Медиа саласында да телемарафон көп жүргізілді. Үміткерлерден бөлек саясаттанушылар да, қоғамның өкілдері де осы саяси науқанға қатысты көп пікір білдірді. Партиялар ғана емес, бір мандатты округ бойынша шығып жатқан үміткерлердің арасында да бәсеке жоғары өтті. Үміткерлердің бағдарламалары, ойларын ашық білдіруі, оған қоғамның пікір білдіруі саяси коммуникацияның қалыптасқанын білдіреді», - деді Дулат Өтеғали.
Сайлаушылардың да құқықтық жауапкершілігі жоғарылаған. Егер өздері сеніп дауыс берген кандидат үмітті ақтамаса, сайлаушылар қол жинау арқылы депутатты кері қайтарып ала алады.
«Ең үлкен өзгеріс – саяси реформалардың енуі. Жаңа саяси партиялардың сайлануы да қоғамның ашықтығын көрсетеді. Үгіт-насихат жұмысының ашық жүргізілуі жоғары болды. Сайлаушылардың бағдарламалармен таныс болуы, олар өздері сайлаған кандидатқа көңілдері толмаса кері қайтарып алуға мүмкіндіктерінің болуы да саяси жаңалықтың, өзгерістердің белгісі. 2019 жылдан бері жүріп жатқан реформалар қоғамда құқықтық жауаптылықты арттырғанын, жауапкершіліктің жетілгенін білдіреді», - деді спикер.