Олардың арасында дауыс беруге алғаш рет қатысқандар көп
5571 әскери бөлімінің сарбаздары ҚР Парламентінің Мәжілісі және Алматы қаласының мәслихат депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Таңғы сағат 06.00-де 5571 әскери бөліміндегі №107 дауыс беру учаскесіне алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев келіп, өз дауысын берді.
«Құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері барлық уақытта жоғары азаматтық жауапкершілік пен патриоттық рух танытады. Ұлттық ұлан – еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығына жауап беретін әскери құрылым. Бүгінгі сайлауға әрбір әскери қызметші белсенді қатысып, өз таңдауын жасайтынына сенімдімін», - дейді генерал-майор Талапкер Әміреев.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Ниязтай Әлкешевтің айтуынша, әскери бөлімдерде ашылған сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің белсенділігі өте жоғары болды. Әскери қызметшілердің жеке құрамы ғана емес, олардың отбасы мүшелері де саяси науқанға түгел қатысқан.
Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлікке қарасты әскери бөлімдердің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген жауынгерлері әскери қалашықтар аумағында орналасқан 9 сайлау учаскесінде дауыс береді.
Олардың арасында дауыс беруге алғаш рет қатысқандар көп. 18-ге енді толған, тұңғыш рет дауыс беру құқығына ие болған жас сарбаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Тұңғыш рет дауыс берушілердің бірі – 5571 әскери бөлімінде өзінің азаматтық борышын атқарып жүрген қатардағы Санжар Төлегенов.
«Мен тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде елімізде оң өзгерістердің болғанын қалаймын. Сол үшін бүгін азаматтық парызымды атқарып, дауысымды бердім», - дейді жас сарбаз.
Айта кетейік, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде сайлау құқығы бар 9 мыңға жуық азамат қызмет етеді.