Өңір жұртшылығымен жүздесуге 300-ден астам адам қатысты
«AMANAT» республикалық сайлауалды штабының мүшелері Ақтөбе облысында өңір жұртшылығымен, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, дәрігерлермен және басқалармен кездесті. Бұл туралы Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Өңір жұртшылығымен жүздесуге 300-ден астам адам қатысты. Онда штаб мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасындағы тұрғын үйге қолжетімділікті, сапалы білім беруді, инфрақұрылымды және жол жөндеуді қамтамасыз етуге бағытталған негізгі басымдықтары туралы айтты.
«Әділетті қоғамның ажырамас бөлігінің бірі – заң үстемдігі. Барлық жерде – әр қала мен ауылда, жолдар мен аулаларда, ғимараттар мен қоғамдық орындарда, үйде және отбасында қауіпсіз болуы керек. Ол үшін әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі тиіс», - деп атап өтті штаб мүшесі Бердібек Сапарбаев.
Бұдан соң партиялықтар арнайы киім шығаратын кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Салада мамандардың жетіспеушілігі және тұрақты түрде ұзақ мерзімді тапсырыстардың болмауы сияқты бірқатар проблема бар.
Штаб мүшелері өңірдегі мәдениет және спорт қызметкерлерімен мәдени мұраны сақтау және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелерін талқылады.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлерімен кездесуде штаб мүшелері жұмысшылардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталған партияның бастамалары туралы айтты.
Денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі жақсартуға қол жеткізу шараларын партиялықтар Ақтөбе облысының медициналық қауымдастығымен кездесуде талқылады.