«Қастек» және «Жамбыл» шекара бөлімшелеріне 870 млн теңгеге мобильді казармалар сатып алынады

Автор: Azattyq Rýhy

Шекаралық инфрақұрылымды дамыту мәселелері уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында болады

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысының «Қастек» және «Жамбыл» шекара бөлімшелері үшін құны 870 млн теңге болатын мобильді казармалар сатып алынады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов ҚР Сенаты депутаттарының сауалына берген жауабында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының 2020 жылғы 4 маусымдағы ҰҚК алқасының отырысында берілген тапсырмаларын іске асыру аясында Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ шекара маңы облыстарының әкімдіктері 2020-2024 жылдарға арналған жол карталарын бекіткенін еске салып өтті.

«Жол карталары аясында 578 іс-шара көзделген. Оның ішінде шекаралық нысандарды жөндеу, газдандыру, электрлендіру және сумен жабдықтау бойынша іс-шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда, Алматы облысының әкімдігі бекіткен шекаралық инфрақұрылым объектілерін дамыту жөніндегі Жол картасында 120 іс-шара көзделген. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 342 млн теңгеге 4 іс-шара іске асырылды.

Бұдан басқа, осы жылы Алматы облысының «Қастек» және «Жамбыл» шекара бөлімшелері үшін құны 870 млн теңге болатын мобильді казармаларды сатып алу көзделген. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар жөндеуге қаржы қаражатын көздемеген бірқатар шекаралық инфрақұрылым объектілері бойынша ҰҚК ШҚ одан әрі қаржыландыру үшін оларды өз балансына қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде. Тұтастай алғанда шекаралық инфрақұрылымды дамыту мәселелері уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында болады және 2023 жылы Үкімет жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясының отырысында қарауға жоспарланады», - деп жауап берді Әлихан Смайылов.