Теміртау тұрғындары жылу пайдаланғаны үшін 300 млн теңге артық төлеген

Автор: Azattyq Rýhy

Прокурорлар қаланың 120 мың тұрғынының құқығын қорғады

Фото: elements.envato.com

Теміртау қаласының прокуратурасы 2022-2023 жылдар кезеңінде жылумен жабдықтау саласына талдау жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, осы жылы жылыту маусымы басталғалы бері «Оқжетпес-Т» ЖШС-сі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның ЖЭО-2 желілерінде жөндеу жұмыстарын жүргізгені анықталды, бұл қала тұрғындарының үйлерінде температуралық режимнің жиі бұзылуына соқтырған.

Тиісінше, мұндай жағдайларда жылу беру қызметтерінің құнын қайта есептеу керек, бірақ монополист мұны жасамаған.

«Прокуратураның қадағалау актісі бойынша кәсіпорын жылумен жабдықтауды пайдаланғаны үшін 300 млн теңгеден астам сомаға 120 мың тұрғынға (118 362 жеке тұлға және 1329 бизнес субъектісі) сомаларды қайта есептеді», - делінген Қарағанды облысы прокуратурасының хабарламасында.