Жетісу облысының Суықсай елді мекеніндегі өзекті мәселелер 2027 жылға дейін шешіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Балабақша, білім беру, медицина нысандарының мәселесі талқыланды

Ақсу ауданындағы үгіт-насихат барысында «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық сайлауалды штабының мүшелері Суықсай елді мекеніне табан тіреді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

340 шаңырақ қоныс тепкен ауылдық округтегі тұрғындарға штаб мүшелері Асхат Досмұхамбетов пен Мейірман Тілеуберлинов партияның сайлауалды бағдарламасын жіпке тізгендей баяндады. Сонымен қатар соңғы жылдарда саяси құрылымның ықпалымен жүзеге асқан ілкімді тірліктерді де таразылады.

Асхат Досмұхамбетовтің сөзінше, «AMANAT» партиясы Жетісу өңірінде 2021-2022 жылдары 2,2 мың орындық 8 мектеп, 290 орындық 3 балабақша салып, 15 білім беру нысанына күрделі жөндеуден өтуіне ықпал еткен. Одан өзге 4 медициналық нысанды халық игілігіне пайдалануға беріп, 15 медициналық пункт тұрғызуға септескен. Партия сол уақыттағы сайлауалды бағдарламасында уәде еткен басым басымдықтардың бәрін жүзеге асырған.

Осыдан соң сөз алған Мейірман Тілеуберлинов 2027 жылға дейін өңір әлеуетін көтерер жоспар жайын пысықтады. Оның ішінде нақты мәселелердің шешу жолын дөп басып айтып берді.

«Өңірде 200-ге тарта дәрігер маман тапшы. 200-ден астам денсаулық сақтау мекемесі жалға берілетін және бейімделген ғимараттарда орналасқан. Мұндай кемшін дүниелерді шешу үшін етжеңді бастамалар керек. «AMANAT» партиясы осындай бастамаларды өзінің 2027 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында нық көрсетіп отыр. Партиямыз 2027 жылға дейін өңірде 100-ге жуық медициналық нысан салуға септеседі. 34 нысанды күрделі жөндеуге ықпал етеді. Алғашқы дәрігерлік көмек ұйымдарына 255 дана жабдық алынып, бұл ұйымдағы қажеттілік толық өтеледі. Осындай ауқымды жұмыстар өзегінде өңірдегі медицина жоғарғы стандарттарға сай болады», - деді Мейірман Тілеуберлинов

Іс-шара соңында тұрғындар ауылдық округтегі өзекті мәселелердің тінін тарқатты. Мәселен, Суықсай мәдениет үйінің, М.Мәсетова атындағы және Ю.Гагарин атындағы орта мектептердің күрделі жөндеуге сұранып тұрғаны, Ащыбұлақ, Баласаз ауылдарындағы ғаламтордың қолжетімсіздігі және ауыларалық жолдардың сапасыздығы тұрғындарды қынжылтады.

Халықтық партия өкілдері осындай ауқымды мәселелерді шешу үшін саяси құрылым бар жігерін жұмсайтынын, әрі оның шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.

Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді