Ақмола облысында ауыл балаларына арналған мектептің іргетасы қаланды
Мектепке арнайы олимпиададан өткен оқушылар іріктеледі

Мектепте республиканың барлық өңірінен оқушылар келіп оқи алады. Аталған мектепте 10-11-сынып оқушылары білімін шыңдай алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мектептің іргетасының қалануы мен уақыт капсуласының салынуына танымал меценаттар қатысты.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мәлгаждар Тәткеев бұл мектеп ауыл мен қала мектебі арасындағы білім деңгейін төмендетуге ықпалын тигізетінін айтты.
«Бүгін – Ақмола облысында атаулы күн. IQanat мектебінің жаңа корпусының негізін қалағалы жатырмыз. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қала мен мектеп арасындағы айырмашылықты азайтуға мүмкіндіндік береді. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бұл мектепте ауылдардан іріктеліп алынған дарынды балалар оқиды. Осы мектепте бітірген түлектер әлемнің беделді жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Сіздер осы мектепті бітіріп, еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар. Сондықтан бәріңізге сәттілік тілеймін», - деді Тәткеев.
Осымен Ақмола облысында ауыл балаларына арнап екінші мектеп ашылып жатыр.
Жаңа кампус 2023 жылдың күзінде Қазақстанның барлық ауылынан жаңа оқушыларды қабылдай алады. Кампус ауыл балаларын қызықтыратын және дамытатын орынға айналмақ, оның құрамында жеке планетарий, 420 орындық амфитеатр, 7000 кітап қоры бар кітапхана, STEM жабдықталған зертхана болады деп жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша мұның бәрі балалардың білім сапасына айтарлықтай әсер етеді. Сондай-ақ 400 бала қосымша білім алу үшін жыл бойы мектепке келе алады.