Мәдениет және спорт министрлігі ауыр атлетші Денис Улановқа 45 мың доллар төлейді - Жоғарғы Сот
Іс жүргізу бір жылдан астам уақытқа созылды

ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының мәліметінше, қазақстандық олимпиадашы, ауыр атлет Денис Улановтың Мәдениет және спорт министрлігіне қарсы ісіне шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2016 жылы Бразилияда өткен Жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық ауыр атлет Денис Уланов 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде төртінші орынды иеленіп, оған 30 мың доллар сыйақы төленген. Алайда, кейін Олимпиаданың «қола» жүлдесін иеленген Г.Синкраянның нәтижесі жойылып, спортшы шеттетілді. Яғни, марапат сол кезде ресми түрде Денис Улановқа өтті. Қазіргі уақытта отандасымыз XXXI Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.
2021 жылғы 9 тамызда неғұрлым жоғары нәтиже берілуіне байланысты Уланов Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне ақшалай көтермелеу төлемдерінің мөлшерін қайта қарау туралы сұрау салумен жүгінді.
Олимпиададағы үшінші орын үшін спортшыға 75 мың доллар берілуі қажет. Спортшы айырмашылықты алғысы келген. 2021 жылғы 20 тамыздағы спорт комитеті бұған мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық актілердің болмағанына байланысты спортшыға ақшалай төлемдерінің мөлшерін қайта қараудан бас тартты.
Содан кейін, Уланов сотқа жүгінді. Бірінші сатыда спортшының талабы қолдау тапты. Бірақ бейінді ведомство шешімге шағымдануға шешім қабылдады.
Іс жүргізу бір жылдан астам уақытқа созылды. Нәтижесінде Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төлемдердің мөлшерін қайта қараудан бас тартуды заңсыз деп тапты.
"Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 10 наурыздағы шешімі, Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 мамырдағы осы іс бойынша қаулысы күшінде қалсын. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын", - делінген қаулыда.