6-қабаттан секіріп кеткен жасөспірім ісі: полиция жаңа деректерді жариялады

Azattyq Rýhy

Қылмыстық іс «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабынан «Кісі өлтіруге оқталу» бабына ауыстырылды

6-қабаттан секіріп кеткен жасөспірім ісі: полиция жаңа деректерді жариялады
Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында 17 жасар қыздың қонақ үйдің 6-қабатынан құлауына қатысты іс «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабынан «Кісі өлтіруге оқталу» бабына ауыстырылды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 23 ақпан күні болған. Түркістан қаласы полиция басқармасының «102» пультіне қонақ үйлердің бірінің 6-қабатынан жас қыз секіріп кеткені туралы хабарлама түскен. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Алматы қаласында тұратын қыз оқиға орнынан ауруханаға жеткізілген. Кейін оның 2005 жылы туған кәмелет жасына толмаған жасөспірім екені анықталды.

«Жауап алуға жеткізілген ер жігіттің айтуынша,»жеңіл жүрісті» жас қыз онымен әлеуметтік желі арқылы танысып, алдын ала келісім бойынша есепшотқа ақша аудартып, қонақ үйге өз еркімен келген. Алайда, қонақүй ішіндегі бөлмеде олардың арасында өзара түсініспеушілік туындап, қыз аударылған ақшаны қайтарудан бас тартқан. Ақшаны қайтару мақсатында жігіт аталған қызбен сөйлесу үшін қонақ үйге таныс қызын шақырып, өзі кетіп қалған. Бұл бейнекамерадағы жазбалар арқылы расталды. Жауап алу кезінде жас қыздардың айтуынша, жәбірленуші ұялы телефонмен сөйлесу үшін қонақ үйдің балконына шығып, өзі секіріп кеткен. Ал жәбірленуші өз жауабында жанжалдың болғанын растап, оны сөйлескен қыздардың бірі итеріп жібергенін айтты», - делінген полиция хабарламасында.

Аталған оқиға бойынша анықталған жаңа мәліметтерді тексеру үшін қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 105-бабынан 24-99-бабына («Кісі өлтіруге оқталу») ауыстырылды.

«Тергеу барысы облыс прокурорының және полиция департаменті бастығының ерекше бақылауында болады. Полиция департаменті барша азаматтарды тек ресми дереккөзге сүйенуге шақырады», - делінген ресми ақпаратта.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.