Былтыр Қазақстанда қызметтік иттердің көмегімен 6 мыңнан астам қылмыс ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ иісшіл иттердің арқасында 636 келіден астам есірткі тәркіленді

 

Еліміздеь бүгінде 600-ден астам түрлі тұқымды ит полиция қызметінде жүр. Былтыр иісшіл иттердің көмегімен кісі өлтіру, тонау, қарақшылық және есірткі тарату сияқты 6 мыңнан астам қылмысты ашуға көмектескен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кинологтар мен олардың қамқорлығындағы иттерді базалық даярлау Алматы қаласында ІІМ Кинологиялық қызмет орталығында жүзеге асырылады. Мұнда негізінен есірткі мен жарылғыш заттарды, адамдарды іздеу, тінту және ізге түсу және шабуылдауға бейімделген бельгиялық және неміс овчаркалары, лабрадор-ретриверлер мен басқа да иттер үйретіледі.

«2022 жылы кинологиялық бөлімшелердің қатысуымен 6023 құқықбұзушылық анықталды, оның ішінде 2360 ұрлық, 188 тонау, 26 қарақшылық, 55 кісі өлтіру дерегі бар», - делінген хабарламада

Кинологтар қызметтік иттерімен бірге есірткі контрабандасы фактілерін анықтау үшін пошта жөнелтілімдерін тексеруге үнемі қатысады.

Өткен жылы иісшіл иттердің көмегімен 636 келіден астам есірткі, оның ішінде 114 келі синтетикалық есірткі тәркіленіп, заңсыз айналымға жіберілмеді. Кинологиялық қызметтің арқасында есірткінің заңсыз айналымының 900-ге жуық фактісінің жолы кесілді.