Алматыда өзеннің жанынан жаңа туған сәбидің денесі табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Нәрестенің денесі табылғаннан кейін полиция тергеу ісін бастады

Фото ашық дереккөзден

Алматыда қала шетіндегі өзеннің жанынан өлі күйінде табылған сәбидің анасы екі күннен бері ізделіп жатыр. Пакетке оралған баланы жергілікті тұрғындар тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК-ға сілтеме жасап.

Жаңа туған шақалақты жергілікті тұрғынның иті тапқан. Оқиға бірнеше күн бұрын болған. Куәгерлер баланың денесі бірнеше күн бойы өзенде жатқанына сенімді. Дегенмен сәбидің анасы кім екені әзірге белгісіз. Себебі жақын маңайда жер үйлер көп.

Нәрестенің денесі табылғаннан кейін полиция тергеу ісін бастады. Оның анасын іздеу жұмысы бүкіл қала бойынша жүріп жатыр. Қазір перзентханалар мен медицина мекемелерінің қызметкерлерінен жауап алынып жатыр. Себебі ол жүктілік уақытында дәрігердің қабылдауында болды немесе перзентханалардың бірінде босанды деген нұсқа да бар.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті іс-шаралар жүріп жатыр. Өлім себебін анықтау және ата-аналарды анықтау бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады Алматы ПД баспасөз қызметі.