Ер адам бұған дейін де бірнеше рет үйден кетіп қалған
Ақмола полицейлері хабар-ошарсыз кеткен Жыланды кентінің тұрғынын іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сандықтау ауданы ПБ-нің учаскелік инспекторына Жыланды кентінің тұрғыны осы жылдың 18 ақпанында үйден кетіп, осы уақытқа дейін оралмаған 1972 жылы туған ағасы Сәдуақасов Мейрамбек Сәдібекұлын іздеуге жәрдем көрсету туралы өтініш білдірген. Ер адам психиатрдың есебінде тұр.
Белгілері: бойы 160-165 см, көздері қоңыр, шашы қысқа қара, ақ шаштары бар, ерекше белгілері жоқ. Үстінде қара спорттық шапка, жарық беретін жолақтары бар сұр түсті күрте, қара түсті жылы шалбар, қысқы қара аяқ киім болды.
Жедел-іздестіру іс-шараларына аудандық ПБ-нің 12 қызметкері жұмылдырылды, қарда жүретін 3 көлік, 4 бірлік қызметтік автокөлік бөлінді. Іздеуге 30-ға жуық жергілікті тұрғындар, сондай-ақ еріктілер қосылды.
«М.С.Сәдуақасовтың орналасқан жері туралы ақпаратқа ие адамдардың барлығынан 8-771-297-95-58, 8(71640)9-22-87 немесе 102 телефондары бойынша хабарлауды сұраймыз», - делінген хабарламада.