Өзге этностар қазақ халқына шексіз риза – Владимир Чепель

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде Алғыс айту күні 2016 жылдан бастап тойланып келеді

Фото ашық дереккөзден

Жетісу облысының Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Владимир Чепель Алғыс айту күні қазақ халқына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қазақ халқы бұрын-соңды болмаған соғыс, ашаршылық секілді азапты күндерді көрді. Соған қарамастан тілі басқа, діні бөлек, басына қара бұлт үйірілген қаншама этносқа пана бола білді. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды десек артық айтқандығымыз емес», - деді Владимир Чепель.

Оның айтуынша, тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап келіп, қазақ жерінен пана тапқан өзге этностар қазақ халқына шексіз риза.

«Өйткені олар дархан даламыздан жылу, пана тапты. Бүгінде біздің ұрпақтарымыз Қазақстанды өз отаны деп санайды. Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы. Ынтымақ бар жерде бірлік, достық, татулық бар. Ендеше ынтымағымыз әрқашанда жараса берсін. Жасасын достықты жақтаған, бауырмал қазақ елі. Құрметті қауым, баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасыға құт-береке, елімізге тыныштық тілеймін. Барша қазақ халқына алғысым шексіз», - деді ол.

Айта кетейік, елімізде Алғыс айту күні 2016 жылдан бастап тойланып келеді.