«Тек ағам тірі болса екен»: қазақстандықтар алматылық 19 жастағы жігітке көмек қолын созуда

Автор: Azattyq Rýhy

Жас жігіттің еміне қазіргі уақытта 16 млн-нан аса теңге жиналды

Алматылық Наурыз есімді 19 жастағы жігіт 4 дәрежедегі қатерлі ісігіне қарамастан інісін асырау үшін күн-түн демей жұмыс істеп жүр. Жас жігіттің еміне бүгінде қазақстандықтар 16 млн-нан аса теңге жинап берді. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ескі жатақханада тұратын ағалы-інілі Наруыз бен Нұрәлінің арасы 5 жас. Автордың жазуынша, екі ұлын анасы 7 жыл бұрын тастап кеткен, ал әкелері соңғы 2 жылдан бері тек анда-санда ғана көрісуге келеді. Ол да басқа әйелмен көңіл қосқан. Наурыз жалғыз бауырын асырау үшін денсаулығының нашар болғанына қарамастан жұмысқа орналасқан.

«Наурыз таңғы 4-те тұрып кетеді, автобуста контролер. Нұрәли мектепте. Наурыз әкесіне еш кінә артпайды, өзі 15 жасынан жұмыс істеп үйренген. Тезірек 18-ге толып, ер жетіп, аянбай еңбек етуді, ақша табуды, інісін киіндіріп, тойдыруды қалады. Үй аламыз, қыдырамыз, үйленемін деп армандады.

Өкінішке қарай, тура 18-ге толғанда тамағында ісік пайда болды. Дәрігерлер басында грыжа деді, 6 айдан соң суық тиген деп емдеді. Асқынған кезде жаман ауру екенін білді. Өкінгенмен енді кеш…

Қатерлі дертпен күресуге Наурызда дәрмен де, мүмкіндік те жоқ.

Күннен күнге қолданатын дәрі-дәрмегі қымбаттап, дерт жанына батуда. Ауырсынуға уақыт жоқ, артында інісі бар.
Түскі үзілісте тамақ ішіп әлдену орнына химия алуға барады. Одан тынығу қайдан, қайтадан жанталас», - деп жазды автор.

Әзірге Наурыздың ауруына алаңдап отырған жалғыз інісі мен көмек қолын созып жүрген жанашыр таныс әпкесі ғана. Анасы ұлының жағдайын естігенімен, әлі бірде-бір рет жағдайын сұрамаған екен.

«Маған еш нәрсе керек жоқ. Тамақ ішпеймін, киім кимей-ақ қойдым, ешқайда қыдырмай, сотка да алмаймын. Тек ағам тірі болса екен», - дейді інісі Нұрәлі.

Пост жарияланғаннан кейін қазақстандықтар жан-жақтан қаржылай ақша аударып, бүгінде Наурыздың еміне 16 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Журналистің сөзінше, қазіргі уақытта шетелдік клиникалармен байланыстар орнатылып, емге қатысты ақпараттар алынуда. Сондай-ақ, Наурыздың мойнындағы кредиттеріне байланысты шоттары бұғатталғандықтан, әзірге шетелге ұшу мүмкіндігі жоқ. Бірақ қайырымдылықтан түскен қаражаттың көмегімен бұл мәселе шешілер деген үміттеміз. Жанашыр жандар Наурызға төменде көрсетілген реквиттер арқылы қаржылай көмек көрсете алады.

Реквизиттер :

KASPI GOLD

8 (747)815 3918
4400 4301 3287 4378
Бекзада.С

Halyk Bank

4405 6397 7566 4855
8747 815 39 18