$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ащы шындық» жобасы: «ASTANA TV» арнасында жаңа ток-шоу көрерменге жол тартады

27 ақпаннан бастап «Астана» телеарнасында аптасына 4 рет көрсетіледі

«Ащы шындық» жобасы: «ASTANA TV» арнасында жаңа ток-шоу көрерменге жол тартады
Фото ашық дереккөзден

Жанжал, шиеленіс және журналистік зерттеу. «Ащы шындық» – тек «ASTANA TV» арнасында. 27 ақпаннан бастап аптасына 4 рет, дүйсенбі мен бейсенбі аралығында көрерменге әлеуметтік реалити ток-шоудың жаңа форматы жол тартады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ток-шоу мамандарының айтуынша енді Қазақстан әйелдерінің сөзі тыңдалады, үні естіледі. «Қыздың қырық жаны» жоқ. Оның бір ғана жаны өзінің «ащы шындығын» өмір бойы жалғыз арқаламауы тиіс. Өткен, бүгін, болашақ – үш шақтың шекарасын анықтап, ондағы өзіңізді тауып алатын сәт келді. Үзілген үміт, жоғалған әлеует, селкеу түскен сенім қайта тіріледі. Өйткені бізде сөзден бөлек, әрекет бар.

«Режиссер үшін эмоция деген жақсы, әрине. Телевизияға алғаш келгенде кейіпкердің көз жасын «шығарсақ», кішігірім жеңіс деп санайтынбыз. Есейген сайын оның арзан айла екенін түсінесің. Келген кейіпкер – қуыршақ театрының ойыншығы емес, тірі адам. Ол біреудің көңілін аулау үшін келмейді. Сондықтан маған маңыздысы – әр оқиғаның «happy end-і». Қазіргі заман режиссері үшін ең қымбат эмоция сол болуы керек», - режиссер Риза Асылбекқызы.

Оның айтуынша түйткіліңізді түгендеп, тапқаныңызды есептесеңіз, психолог, заңгер, стилист мамандарының қызметіне өмір бойы жүгінбей өтуіңіз мүмкін шығар. Ал меценат, коуч, кәсіпкерлер мен қоғамдық қорлардың қол ұшы 20 миллионға жуық қазақстандықтың бәріне бірдей жете ме?

«Екі қызым енеммен тұрады, маған бермейді. Балаларымды өз бауырыма басқым келеді. «Ащы шындыққа» ақтарылуға дайын отырмын. Жұмыс тауып, баспаналы болып, қыздарыммен бақытты өмір сүргім келеді», - дейді жоба қатысушысы Саида Сүлейменова.

Саида сияқты кейіпкерлерге, ең алдымен, бағдарламаның заңгері көмектеседі.

«Өз-өзіне көңілі толмайды. Тағдыр тауқыметін тартқан әйелдердің бәріне ортақ қыр сол. Өмір алдымен олардың жанарындағы отты өшіріп, сұлулықтың, махаббаттың, арман-мақсаттың келе жатқан жолын қараңғылап тастаған сияқты көрінеді. Бірақ сол жәудіреген жанарлардағы сенімсіздікті жеңсек, қазақ әйелдерінің осалы жоқтығына мың мәрте көз жеткізер едік», - деді редактор Гүлім Чаки.

«Ащы шындықтың» соңы тәтті өмірге ұласуы үшін көп тер төгіледі, мүмкін көз жасы да, бастысы, студияға келген кейіпкеріміздің ғана емес, экранның арғы жағындағы көрерменіміздің де нағыз бақытқа лайық екенін, түсіндіреміз, сезіндіреміз, дейді бағдарлама қызметкерлері.

«Көрерменге әділдік маңызды. Өз өміріне ұқсас оқиғаны экраннан көріп жатса, санада сұрақ белгілері қалмауы тиіс. Әрине кездесуден қашып, бетпе-бет сөйлескісі келмейтін немесе соңғы сәтте теріс бұрылып, кетіп қалатын кейіпкерлер табылады. Ескі жараны тырнау немесе сатқынның көзіне тура қарау кімге оңай дейсіз? Бірақ ол шығармашылық топтың еншісінде қалатын мәселе. Сапалы, бүкпесіз, боямасыз телеөнімді ұсынып, қазақ әйелдерінің, көрерменнің алдындағы парызымызды адал орындай алатымызға күмән болмауы тиіс», – деді продюсер, жоба жүргізушісі Ғазиза Райымбек.

«Ащы шындық» жобасы 27 ақпаннан бастап «Астана» телеарнасында аптасына 4 рет, дүйсенбі мен бейсенбі аралығында 17.55-те көрермен назарына ұсынылады. Қапы қалмаңыз!

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#ток-шоу #шындық