Жамбыл облысында аманаттықтар ардагерлермен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Кездесудің мақсаты – қарттардың мұң-мұқтажына құлақ түру

Фото: "AMANAT" партиясының баспасөз қызметі

Жамбыл облысында «AMANAT» партиясының сайлауалды штабының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов пен штаб мүшелері Еркінбек Солтыбаев, Махметғали Сарыбеков ардагерлермен кездесті. Мұндағы басты мақсат – қарттарды алдағы саяси науқанда «AMANAT-ты» қолдауға шақыру әрі олардың мұң-мұқтажына құлақ түру, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Кездесуде алғаш боп сөз алған Дауыл Ынтықбайұлы  партиялықтардың атынан ардагерлерге алғыс айтып, алдыңғы буын өкілдерінің маңызды саяси науқанда белсенді болатынына сенім білдірді.

«Егемен еліміздің дамуында ардагерлер қауымының орны ерекше. Мұның қатарында тамыры терең, тарихы кенен жамбылдық қариялардың да шоқтығы биік, абыройы асқақ. Сіздер өңірдің таңбалы тарихының жылнамашысыздар. Сіздер бүгінгі жас буынға үнемі қамқорлық жасап, бағыт-бағдар беріп келесіздер. Әрқайсыңыз қоғамдағы түйіткілді мәселелерді жан-жақты қаузап, саралап, оны оң шешу үшін аянбай тер төктіңіздер. 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарының депуттарын сайлауда да белсенді болады деген сенім мол. Жалпы, партияның сайлауалды бағдарламасында зейнетке шыққан әрбір азамат мемлекеттің қолдауымен өз кәсібін ашуына мүмкіндік алады. Осылайша, әрбір зейнеткерге өз кәсібін ашуға жағдай жасалмақ», - деді ол.

Бұдан кейін, сөз алған Еркінбек Солтыбаев пен Махметғали Нұрғали партияның сайлауалды бағдарламасына кеңінен тоқталды. Олардың айтуынша, «AMANAT-тың» негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру мен табысын арттыру.

Өз кезегінде ардагерлер қауымы да өз ұсыныс-тілегін жеткізді.

«Еліміздің жетекші партиясы саналатын «AMANAT-тың» сайлауалды бағдарламасының іс жүзінде жүзеге асыруын қадағалау маңызды», - деді олар.

Сондай-ақ ардагерлер әлі күнге дейін өңірімізде зейнеткерлерге арналған сауықтыру орталығының болмауына наразылық білдірді. Бұдан бөлек, қарттардың қоғамдық көліктерде тегін қатынауына, аймақта жеңіл өнеркәсіптің дамуына ықпал етуін сұрады.

Кездесу соңында партиялықтар ардагерлердің талап-тілегі ескерусіз қалмайтынын баса айтты. Ал қариялар аманаттықтарға сәттілік тілеп, ақ батасын жаудырды.

Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді