Қазақстандық құтқарушылар барлығы 7 адамды құтқарып, қаза болған 88 адамды үйінді астынан алып шыққан
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Түркиядағы жер сілкінісі кезінде миссиясын орындап, елге оралған құтқарушылардың қатысуымен алғашқы баспасөз мәслихаты өтті. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық жедел-құтқару жасағының басшысы Владимир Цой өзінің жауынгерлерімен бірге тірі қалғандарды іздестіру үшін үйінділерді қалай бөлшектегенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматыдан бауырлас Түркия халқына көмектесу үшін барлығы 33 адам және апаттар медицинасы орталығының 5 маманы аттанды. Түркияға барғаннан кейін қазақстандық құтқарушылар Газиантеп қаласына жеткізілді.
Алматылықтар түрік координаторларынан ең ауыр нысанды көрсетуді өтінген. Ол жерге 10 адам жіберілген.
«Толығымен қираған үш қабатты ғимарат болды. Біз оған көзбен шолу жасадық, оған жақын тұрған үйдің де қирау қаупі болды. Тексеру кезінде олар әйел адамды тапты, оны шығару үшін түні бойы жұмыс істеді. Ғимараттың басылып қалғаны сонша, бетон төбесі мен еденінің арасы 30 сантиметр болды, қиын жағдайда жұмыс істеуге тура келді», – дейді Владимир Цой.
Таңертең құтқарушылар тағы бір мәйітті тапқан. Ол табылған әйелдің қызы еді.
"Сақтық керек болды, ол кезде 5 мәйіт табылды. Сонымен бірге, жер асты дүмпулерінен нысандар одан сайын қисая түсті. Зардап шеккендерді шығару үшін үш қабатты ғимаратты бөлшектеу қажет болды, жұмыс екі күнге созылды, одан қаза болған барлығы 19 адамның мәйіті шығарылды.
Бір жағынан эмоционалды қысым көп болды, өйткені сілкіністер жалғаса берді. Кез келген секундта үй құлауы мүмкін еді, бірақ біз тапсырманы орындадық, зергерлер сияқты жұмыс істедік. Әр сағаттық жұмыстан кейін кинологтарды жібердік, бес минуттық тыныштық жарияланды" , - деп еске алды Владимир Цой.
Құтқарушыларға барлығы 3 қызметтік ит көмектесті, олар о бастан тірі адамды іздеуге үйретілген. Өлген адамдарды іздеуді иттер Түркияда үйренген. Иттердің арасында малинуа тұқымының бельгиялық овчаркасы Джейкоб та бар.
«Джейкоб қиын жағдайда жұмыс істеді, диаметрі шамамен 50-60 сантиметр болатын 3 метр тереңдікке тігінен өту керек болды. Дыбысқа қарай жұмыс істеу керек болды. Біздің жолымыз болды, іздеу құрылғыларын қолдана отырып, зардап шеккендерді дәл таптық. Құрылыс қоқыстары шелектерге салынып, медициналық құрылғылардан түтік жасалып, оны ойыққа түсіріп, зардап шеккендерге осылайша су жіберілді», - деді РОСО басшысы.
Құтқарылғандардың арасында ер адам мен оның үш ұлы болды, олар құтқарылғаннан кейінгі келесі күні қазақстандық құтқарушыларға алғыс айту үшін іздеп келген,
Кейінірек Түркияға (Нұрдағы қаласы) тағы 60 құтқарушы келді, барлығы 100-ден астам адам жұмыс істеді, оның ішінде Хатайда.
Қазақстандық құтқарушылар барлығы 7 адамды құтқарып, қаза болған 88 адамды алып шыққан. .
Қазақстан Республикасы құтқарушыларының кәсіби шеберлігін түрік әріптестері мен қарапайым азаматтар жоғары бағалады.
«Олар аудармашы тауып: «Қазақтар неге соншалықты мықты, сізде жер сілкінісі үнемі болып тұра ма деді. Оған мен Қазақстанда құтарушылардың жақсы мектебі қалыптасқан деп жауап бердім. Расында, елімізде өте жақсы мектеп қалыптасқан. Біз жыл сайын полигонда оқу-жаттығу жиындарын, оқу-жаттығу жағдайында жаттығулар өткізетін жарыстарды өткіземіз. Бұл дайындық Түркияда өте пайдалы болды», - деп жалғастырды Владимир Цой.
Алғашқы күндері қазақстандық құтқарушылар іс жүзінде демалыссыз істеді деуге болады, 16 сағаттық ауысыммен қызмет етті. Нысандардан бір минутқа да кете алмады. Оның үстіне, ауа температурасы түнде -7 градусқа дейін төмендеді.
Құтқарушыларға Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен еріктілер қолдау көрсетті.
Келгеннен кейін түрік тарапы хабарласып, құтқарушыларын оқытуға көмектесуін өтініпті. Олар 30 құтқарушысын Алматыға оқуға жіберуге дайын екендіктерін айтты.