Өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тағы қымбаттады

Автор: Мира Байбек

Екі айда пияз бағасы бірден 50,1 пайызға өсті

Фото ашық дереккөзден

14-21 ақпан аралығында елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,3%-ға, жылдық мәнде 23,7%-ға қымбаттады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, қырыққабат (3,4 пайыз) пен пияздың (2,3 пайыз) бағасы айтарлықтай өскен. Айта кетерлігі, екі айға жуық уақыт ішінде пияз бағасы бірден 50,1 пайызға қымбаттады.

Сонымен қатар, бір аптада күріш бағасы да 1,5 пайызға қымбаттады.

ҚР бойынша әлеуметтік маңызы бар кейбір тауарлардың орташа бағасы:

  • өсімдік майы – 903 тг/л;
  • макарон – 309 тг/кг;
  • күріш – 376 тг/кг;
  • ақ қырыққабат – 115 тг/кг
  • қант – 458 тг/кг.

Айта кетерлігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 19 атау кіреді.

«Баға өзгерісі туралы көрсеткіштер апта сайын жаңарып отырады. Бағаның өзгеруі туралы ақпарат барлық облыс орталығынан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан жиналады. Ол үшін елдімекеннің әртүрлі бөліктерінде орналасқан тауарлардың кең ассортименті бар әртүрлі типтегі сауда объектілері (гипермаркеттер, супермаркеттер, дүкендер, коммуналдық базарлар, әлеуметтік дүкендер мен павильондар) таңдалады», – делінген хабарламада.