Қостанайда депутаттыққа үміткерлер жас кәсіпкерлермен кездесті
Соңғы жылдары елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласының жұмысы алға басып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге қолдау жасауды назардан тыс қалдырған емес. Бұл мақсатта жыл сайын қайтарымсыз несиелер беріліп, бірегей жобалар қаржыландырылып отыр. Экономиканың драйверіне айналған кәсіпкерлік саласы «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында қарастырылған. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Қостанай қалалық филиалында өткен іс-шарада айтылды.
Аталмыш кездесу «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға партия тізімі бойынша Қостанай облыстық мәслихатының депутаттығына үміткерлер Жұмаш Бекмырза мен Андрей Двуреченский қатысты. Кандидаттар Қостанай қаласының жас кәсіпкерлерімен жүздесіп, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Әсіресе кәсіпкерлерді әлеуметтік қолдау, жұмысшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, балабақша, жалақы мөлшері, зейнетақы төлемдері, коммуналдық қызметтерге қатысты ұсыныс-тілектер айтылды.
«Елімізде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жеңілдетілген несие көлемі ұлғайды. Бұл қадам өзін-өзі еңбекпен қамтығандардың, жеке ісін бастауға құлықтылардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал еткені сөзсіз. Мұндай қолдау азаматтардың жеке кәсібін ашуға деген ынтасын арттырып, шағын кәсіп иелерінің ісін одан әрі өркендетуге немесе ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, жеңілдетілген несиенің көптеп берілуі кәсіпкерлікті дамытатын тиімді тетіктердің бірі болып саналады», - деді партия тізімі бойынша Қостанай облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер Андрей Двуреченский.
Кандидаттар кәсіпкерлер түрлі әкімшілік немесе басқа да қысымдардан қорғауға көңіл бөлінуі керек¬тігін де айтты. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға қарай ел экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесін арттыруға ерекше мүмкіндік берілетіні туралы айтылған.
«Шағын және орта бизнес экономикалық даму қарқыны мен нәтижелі жұмыспен қамту деңгейін анықтайтын жетекші сектор. Партияның қоғамдық қабылдауына өңірдің кәсіпкерлері шағын және орта бизнесті қаржыландыру мәселелері бойынша жүгінеді. Осы мақсатта «AMANAT» партиясының бақылауымен 2027 жылға қарай жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының санын ұлғайту көзделіп отыр», - деді партия тізімі бойынша Қостанай облыстық мәслихатының депутаттығына үміткерлер Жұмаш Бекмырза.
Қостанай облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді