Жамбыл облысында мәслихат депутаттығына үміткер дәрігерлермен кездесті

Azattyq Rýhy

Дәрігерлерге «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылды

Жамбыл облысында мәслихат депутаттығына үміткер дәрігерлермен кездесті

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер Қанат Ордабаев, облыстық штабының мүшесі Қасымхан Төлендиев облыс орталығындағы №8 қалалық емханаға барып, дәрігерлер ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Кездесу барысында кандидат «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, оның негізгі бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ, үгіт насихат жұмыстарын жүргізді. 

Соңғы жылдары өңірімізде денсаулық сақтау саласының 20 нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде емхана, 15 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік және 2 медициналық пункт негізінен ауыл-аймақтарда ашылды. Жалпы, қазіргі уақытта облыста 466 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның ішінде, мемлекеттік 388 болса, жекеменшік нысан - 58. Облыстың медициналық мекемелерінде 15,7 мың дәрігер мен медбике жұмыс істейді. Бүгінде 5 денсаулық сақтау ұйымы жалға берілетін және бейімделген үй-жайларға орналастырылған. Ал денсаулық сақтау ғимараттарының тозуы 52,4 пайызға тең. Сонымен қатар, облыстың медициналық мекемелерінде 108 жоғары білікті маман жетіспейді. Бұл мәселелерді шешу уақыт пен атқарушы және бақылаушы органдардың бірлесе жұмыс істеуін қажет етеді.

«AMANAT» партиясы 15 денсаулық сақтау нысанының құрылысы сапалы және уақтылы болуын айрықша назарға алмақ. Біз «Ауылдық денсаулықты жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық жерлерде 30 жаңа медициналық нысан ашу үшін шаралар қабылдаймыз. Қазіргі таңда бұл саланың дамуына серпін беретін 17 денсаулық сақтау объектісін күрделі жөндеуден өткізу және 11 нысанды қайта жаңарту аса маңызды. Бүгінгі таңда онкологиялық орталықтарды жаңғыртуға жәрдемдесу және диспансерлерді диагностикалық радиологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар, жедел медициналық көмекті цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу мен телемедицина арқылы онлайн-консультациялар санын арттыру бойынша жұмысты жалғастыру керек», - деді үміткер Қанат Ордабаев. 

Мұнан соң, сөз тізгінін алған облыстық штабтың мүшесі Қасымхан Төлендіұлы партия жыл сайын денсаулық сақтау ұйымында кемінде 160 медицина қызметкерін жұмысқа орналастыруға көмектесетінін айтты. Оның сөзінше, кемінде 38 дәрігер біліктілігін арттыру үшін жетекші шетелдік медициналық клиникаларға жіберілмек. 

«Партия ұсынған бұл саладағы шаралардың нәтижесі халықтың өмір сүру ұзақтығын 73,3-тен 75 жасқа дейін ұлғайтуға, денсаулық сақтау ғимараттарының тозуын 38,8 пайызға дейін төмендетуге әрі маман тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Кездесу соңында партиялықтар ақ халаттыларды алдағы уақытта болатын сайлауда «AMANAT» партиясын қолдап, дауыс беруге шақырды. 

Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.