Таразда «AMANAT» өкілдері ерекше қажеттілігі бар жандар мәселесін талқылады
Партияның сайлауалды штабы «BIR TOLKYNDA» диалог алаңына барды
«AMANAT» партиясының облыстық сайлауалды штабының өкілдері «BIR TOLKYNDA» диалог алаңының жұмысы барысында Тараз қаласындағы сайлаушылармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Басқосуға қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатысты. Диалог алаңында облыстық сайлауалды штабының мүшесі Уәлихан Болатбек партия өмірдің барлық салаларында инклюзивтілікті арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау үшін нақты шаралар қабылданатыны жөнінде анық жазылған. Бүгінде мектептерде 90,5, мемлекеттік балабақшада 81,3 пайызы инклюзивті оқытуға жағдай жасалған. Аймақта 7,9 мың ерекше қажеттіліктері бар бала бар. Инклюзивті біліммен 6,2 мың бала қамтылған. Біз бұл саланы одан әрі дамыту үшін отбасын қолдаудың үш орталығы мен психологиялық-педагогикалық түзетудің бір кабинетін ашуға жәрдемдесеміз. Партия халықтың әлеуметтік осал топтарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру үшін бюджет қаражатын бөлуді көздейді», - деді ол.
Бұдан кейін, сөз алған облыстық сайлауалды штабының мүшесі Жанар Бүркітбаева «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 778 объектісін бейімдеуге қаражат қарастырылатынын жеткізді.
«Біз балаларды инклюзивті біліммен қамту және арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау және ерте түзету 100 пайызға өскенін қалаймыз. Бұдан бөлек, дене шынықтыру мен спортпен жүйелі түрде айналысатын ерекше қажеттіліктері бар халықтың үлесі 21-тен 25 пайызға арттыруға күш саламыз», - деді Ж.Бүркітбаева.
Диалог алаңының соңында шараға қатысушылар да өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді