СҚО-да көктайғақ салдарынан сабақ онлайн форматқа ауыстырылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қоғамдық көліктер жұмысқа шыққан жоқ

Фото ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстанда түні бойы жаңбыр жауып, соңғы көктайғаққа ұласты. Түнгі 12-лерде басталған жауын таңға дейін толастамады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қоғамдық көліктер жұмысқа шыққан жоқ. Өйткені, жол қозғалысы өте қиындап кетті. Дегенмен, көктайғаққа байланысты облыс орталығынан шығатын жолдар жабылған жоқ. Такси шақыру да мүмкін емес. Оның үстіне ақысы бірден 3-4 есе өсіп кетті. Мектептерде сабақ онлайн форматқа ауыстырылды. Дәл қазір термометр бағаны +2 градусты көрсетіп тұр. Өңір үшін өте сирек құбылыс. Синоптиктердің мәліметінше, бүгін де қолайсыз ауа райы сақталады. Қарлы-жаңбыр жауып, желдің жылдамдығы секундына 23 метрге дейін жетеді. Кей жерлерде тұман болуы ықтимал. Дауылды ескерту жарияланды.

«Әдетте жұмысқа бару үшін таксиге 600 теңге төлейтінмін. Бүгін 3380 деп тұр. Оның өзінде әрең хабарластым. Жұмысқа жету мұң болды. Далада жаяу жүру де оңай емес», - дейді Петропавл тұрғыны Диана Халимова.