Қазіргі кезде шатырларды жеткізу және орнату жұмыстары жүзеге асырылып жатыр
Түркия үкіметі жанындағы апаттар мен төтенше жағдайлар салдарын жою басқармасының (AFAD) қызметкерлері Кахраманмараштағы эпицентрлі жер сілкіністерінен зардап шеккен провинцияларда 300 809 шатыр орнатуды аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Anadoly-ға сілтеме жасап.
AFAD хабарлағандай, жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер үшін апат аймағына шатырлар жіберу апат соққысынан кейінгі алғашқы күндерден бастап әлі де жалғасып жатыр. 6 ақпаннан бастап жер сілкінісінен зардап шеккен провинциялардағы 270 ауданда лагерьлер құрылды.
«Хатай провинциясында жер сілкінісінен кейін 69 766, Кахраманмараш провинциясында - 66 685, Газиантеп провинциясында - 49 670, Адыяман провинциясында - 45 852, Малатияда - 25 380, Аданада - 17 515, Шанлыурфада - 8 838, Османияда - 7 170, Диярбакыр - 6 328, Килисте 3 605 шатыр тігілді», - деп түсіндірді AFAD.
Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 04.17 - де – 7,7 балл және 13.24-те-7,6 балл).
Түркияның оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 42,3 мыңнан асты.
Президент Режеп Тайып Ердоған Түркияда табиғи апат құрбандары үшін Жалпыұлттық аза тұту туралы жариялады. Түркияның мемлекеттік тулары бүкіл ел бойынша төмендетілді.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев апат орын алған алғашы күні-ақ Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек жіберу жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шұғыл жәрдем ретінде 1 миллион доллар бөлінетінін хабарлаған еді. Бұдан бөлек, қазір зілзала болған аймақта қазақстандық құтқарушылар да адамдарды іздестіру жұмыстарына барып қайтты. Ал қазақстандық еріктілер Кахраманмараш қаласында 100-ден астам қазақ үйін тікті.
Бұдан бөлек, әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Stranger әлемдік турне-концертінің билеттерінен түскен қаржының бір бөлігін Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде аудармақ.