Ана мен бала денсаулығы, қатерлі ісікпен күрес: елімізде денсаулық сақтау саласы қашан оңалады

Автор: Azattyq Rýhy

ДСМ басшысы Шымкент қаласының және бірнеше облыстың бас дәрігерлерімен кездесті

Фото ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Павлодар, Қарағанды облыстарының және Шымкент қаласының бас дәрігерлерімен, сондай-ақ, өңірдегі медициналық қоғам өкілдерімен арнайы кеңес өткізіп, аймақтық медицинада кездесетін өзекті проблемаларды атады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚАЗАҚСТАНДА 650 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ЕМДЕУ МЕКЕМЕСІ ЖОҚ

«Қазақстандағы 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Бұл аймақтарда шамамен миллионға жуық халық тұрады. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі».

Міне, Қазақстан халқына арнаған жолдауында осылай деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде жасалған реформалар аздық етіп отырғанын мәлім еткен еді.

«Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды  мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр», - деген болатын Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырған. Соның ішінде, медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек екенін алға тартып, Қазақстанда мүлде емдеу мекемесі жоқ 650 елді мекенге алғашқы медициналық көмек көрсететін пункт ашуды тапсырған болатын.

Президенттің осы және өзге де тапсырмаларын орындау аясында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бірнеше облысты аралап, бас дәрігерлермен кездесті.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ МЕДИЦИНАСЫН НЕ АЛАҢДАТАДЫ?

Ажар Ғиният Қарағанды облысындағы медициналық қауымдастық өкілдерімен кездесе отырып, бұл аймақтың тұрғындарын алаңдатып отырған проблемаларға назар аудартты.

«Бұл аймақта назар аударып, басқарушылық шешімдер қабылдауды талап ететін көптеген проблемалық мәселелер бар», - деді Ажар Ғиният кездесу кезінде.

Ең бірінші мәселе – ана мен бала денсаулығының түйткілді проблемалары, екіншіден, осы өңірдегі халықтың қанайналым жүйесінде кездесетін сырқаттарға жиі шалдығуы, үшіншіден, қатерлі ісікпен күрес, төртіншіден, медициналық көмекті ұйымдастыру, яғни, медициналық менеджменттің ақсап тұрған бағыттары.

Осы мәселелер бойынша пікір білдірген Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник қанайналым жүйесіндегі аурулардан болатын өлім-жітім азайды дейді.

«Қарағандыда қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,3% азайған. Алайда, облыста кардиологиялық ауруларды диагностикалауда проблемалар бар, яғни, тиісті жабдықтар тапшы. Оның үстіне, жергілікті емханаларда жүрек ауруларын тексеріп, диагноз қоятын кабинеттер де шектеулі. Облыстағы Қарқаралы, Осакаров аудандарында кардиологиялық аппараттар, жүрек тамырларын тексеретін құралдар жоқ», - деп мәлім етті Дудник.

Осы проблемалардың салдарынан, вице-министр түсіндіргендей, жүрегі ауыратын және қан айналымында сырқаты бар науқастар диспансерге уақытында жата алмай, инсульттің алдын алуға кешігіп, көз жұмып жатады.

Кеңес барысында Ажар Ғиният облыстың медицинасындағы бұл проблемалар тез арада шешіліп, аймақтағы қай медициналық ұйымда қандай аппарат жоқтығына талдау жасауды тапсырды.

«Мемлекеттік бағдарламалардың аясында құтқару пункттерінің жұмысын, олардың қандай деңгейде екенін, жабдықтары бар-жоғын талдау қажет. Әрбір медициналық ұйымның рөлін көрсете отырып, жағдайды жақсарту  үшін қадам-қадамға бөлінген іс-қимыл жоспарын қабылдаңыздар. Пациенттермен жұмыс бөлімін құрыңыздар, осы қызметтердің жұмысын ашып,  реттеңіздер, қызметкерлерді үнемі оқытыңыздар», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы облыстың бас дәрігерлерімен кездесуді қорытындылай келе.

БІР ЖАСҚА ТОЛМАҒАН СӘБИЛЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҚАУІПТІ ФАКТОРЛАР ҚАТАРЫНДА

Денсаулық сақтау министрінің Шымкент қаласына жасаған сапары кезінде анықталғандай – оңтүстік өңірдің қатарына бір жасқа толмаған балалардың денсаулығы медицина саласында қауіпті факторларға қатарына қосылған.

«Қауіпті факторлар қатарына бір жасқа толмаған балалардың проактивті бақылаумен қамтамасыз етілмеуі, балалар арасындағы аурулардың алдын алуда жұмыс тиімсіз жоспарланатыны, педиатр, акушер-гинекологтардың, сондай-ақ педиатриялық учаскедегі патронаждық мейіргерлердің тапшылығы қосылды», - дейді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Жанғарашева.

Жаңғарашеваның айтуынша, Шымкент қаласының медициналық ұйымдары жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл орнатпайды, сабақтастық жоқ, акушерлік қиын жағдай кезінде тиісті медициналық ұйымдар бір-біріне хабар беру схемасын пысықтамайды, әйелдердің денсаулығындағы акушерлік аурулар асқынып кеткенде бірақ анықталып, ауруханаға кеш түседі.

Осы ретте Azattyq Ruhy бұған дейін жазған мына оқиға еске оралады – Шымкент қаласының тұрғыны әйелінің кесір тілігінен кейін төрт ай бойы комада жатқанын, ал, аурухана ешқандай ем-дом қабылдамағанын айтқан еді. 

«2022 жылдың 22 қыркүйегінде әйелім Луиза Шымкент қаласы нөмірі №6 перзентханаға кеткен. Әйеліме жедел түрде кесір тілігі жасалды. Операциядан кейін әйелім комаға түсіп, міне, төрт айдан бері сол қалпында, ес-түссіз, ауыр хәлде жатыр. Енді дәрігерлер оны осы күйінде үйге шығармақшы», - деген еді Тахир есімді қала тұрғыны.

Біз осы мәселені көтергеннен кейін Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы байланысқа шығып, науқас әйел уақытынан бұрын босанғанын, жүкті кезінде өте қауіпті диагноздар анықталғанын, енді оны аман алып қалу үшін дәрігерлер науқасты басқа ауруханаға ауыстыратынын хабарлаған болатын.

Яғни, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Жанғарашева айтып отырған «медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың жоқтығы мен жүкті әйелдердің ауыр диагноздары кеш анықталады» деген сөзіне осы жағдай дәлел болып отыр.

«Әрбір емхана, әрбір кабинет өз мақсатын білуі тиіс, әрбір пациент барлық медициналық көмекті алуы тиіс. Біздің тарапымыздан жаңа нысандар салынып, қаржыландыру бөлініп жатыр. Бағдарламалар бойынша денсаулық  сақтау жүйесіне бөлінетін қаржы ұлғайып жатыр, инфрақұрылым жаңарды. Сондықтан, аймақтағы әрбір медициналық ұйымның бас дәрігерінен сұрайтыным – ұсыныстар мен ескертулерді түзеп, осы бірінші жарты жылдықта нәтиже көрсетіңіздер. Өйткені, Шымкент - сапалы медициналық көмек көрсету бойынша ең артта қалған аймақ», - деді  Ажар Ғиният қаланың бас дәрігерлеріне қарата айтқан сөзінде.

ПАВЛОДАР МЕДИЦИНАСЫНЫҢ АҚСАП ТҰРҒАН ҚЫРЫ – МЕНЕДЖМЕНТТЕ

Ал, Павлодар өңіріне жасаған сапары кезінде Ажар Ғиният «тиісті есепті» тыңдаған соң, облыстың денсаулық сақтау саласына мықты менеджерлерді тарту керек деген ойын айтты.

Жалпы, ресми статистикаға сүйенсек, Павлодар облысында 2022 жылы жалпы өлім-жітім көрсеткіші 27% азайған. Бірақ, халық көз жұмған ауру түрлеріне бөліп қарасақ, Павлодар облысының медицинасы да жақсы мамандарға мұқтаж екенін аңғаруға болады. Мәселен, Павлодар облысы бойынша қатерлі ісіктен көз жұмғандардың саны республикалық деңгейдегі көрсеткішпен салыстырсақ, 50%-ға, әртүрлі оқыс оқиғалардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 47%-ға көп.

«Міне, қалалық емханалар бөлінген қаражатты қаншалықты тиімді пайдаланатынын көрейік? Жалпы, бұл облыстың денсаулық саласына жауапты басшыларға айтарым, өлім-жітімді азайтып, салаға жақсы мамандарды, көшбасшылық қабілеті бар сауатты денсаулық сақтау менеджерлерін тарту керек, әрбір медициналық ұйымның даму жоспары және нақты мақсаты болуы керек», - деді жиынды қорытындылаған Ажар Ғиният.

Сымбат Молдатай