$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Зорлық-зомбылық, тәуелділік, алкоголь»: психолог ажырасудың себебі мен салдары туралы

Маман ерлі-зайыптылардың ажырасуына себеп көп екенін айтты

«Зорлық-зомбылық, тәуелділік, алкоголь»: психолог ажырасудың себебі мен салдары туралы
Фото ашық дереккөзден

Қазіргі таңда елімізде ажырасу белең алып барады. 2022 жылдың көрсеткіші бойынша Қазақстан әлем елдері арасынан ажырасу бойынша Мальдив аралдарынан кейін  екінші орынға шықты. Яғни, елімізде әр мың отбасының 4,6-сы ажырасып кетеді.

Осы орайда Azattyq Ruhy тілшісі ажырасудың себебі мен салдарын білу үшін психолог, психо-аналитик Зүбайда Кененбаевамен әңгімелесті.

Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, ажырасудың себептері мен оның алдын алу жолдары жөнінде айтып, баланың психикасына теріс әсер етпеу үшін бірқатар кеңес берді. 

«Жалпы отбасылардың ажырасуының бірнеше себебі бар. Алайда біздегі өршіп тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылықты ажырасудың ең басты себептерінің бір деп айтар едім. Енді отбасында неліктен зорлық-зомбылық, күш көрсету әрекетттері болады? Осыған тоқталайықшы. Бұл үйдегі тәрбиеден басталады. Мысалы, отбасында ылғи зорлық-зомбылық көрген бала үшін күш көрсету қалыпты жағдайға айналып кетеді. Кейін есейген кезде де ол оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Сөйтіп, өз отбасында да күш көрсетуге, зорлық-зомбылыққа жол беріп жатады», - деді ол.

Маманның айтуынша,  өзін төмен бағалау да зорлық-зомбылықтың орын алуына алып келеді, өйткені өз бағасын білмейтін адам, басқасының да қадіріне жетпейді.

«Тағы бір себеп ретінде адамдардың белгілі бір жағдайларға байланысты күйзеліске ұшырауын айтуға болады. Өйткені қазір адамдар бір-бірінің сөзін көтере алмайды, сөйтіп қол жұмсайды, зорлық-зомбылыққа жол береді. Ал ажырасудың екінші себебі – тәуелділік. Қазіргі таңда араққа, есірткіге, ойынға құмар жандардың қатары көп. Құмар ойынға жұмсаған бар ақшасымен бірге, үйіндегі бар дүниесін салып жіберетін адамдар бар. Тәуелді адам ол – ауру адам. Оны өзгерте алмайсыз, тек мамандардың, яғни психолог, психотерапевт, нарколог секілді мамандардың көмегіне жүгіну арқылы емдеу керек. Сондай-ақ адам бір айдың ішінде емделіп, сауығып кете алмайтынын ескерген жөн, оған біраз уақыт қажет. Адамдар оған шыдай алмайды, өйткені бәрінің тез бола қалғанын қалайды. Сөйтіп бұл да ажырасуға алып келуі мүмкін», - дейді ол.

Ол атағандай, бүгінгі таңда жұбайлардың бір-бірінің көзіне шөп салуы да ажырасудың бір себебіне айналып отыр.

«Кей адамдар «онда тұрған не бар» дегенді айтып жатады. Алайда бұл – сатқындық. Тіпті бір-бірін кешіріп, бірге өмір сүріп жатса да, ерлі-зайыптылар бұл оқиғаға қайта-қайта оралып, сол үшін ұрыс-керіс шығып жататын да жағдайлар аз емес. Маған көп отбасы жоғарыда атап өткен себептерге байланысты хабарласады. Бірақ мен ойынға, араққа, есірткіге тәуелді адамдармен жұмыс істемеймін, олармен терапия жүргізбеймін. Себебі мұндай адамдармен тек психолог жұмыс істей алмайды, олармен психологпен қоса нарколог, психиатр бірге жұмыс істеуі тиіс. Алайда психиатр дегенді естігенде, біздің адамдардың төбе шашы тік тұрады, яғни барғысы келмейді. Егер азаматтар мен айтқан мамандармен бірлесіп, жұмыс істеуді құптамаса, мен ондай адамдарды қабылдамаймын», - дейді ол.  

Психолог зорлық-зомбылық көрген, не болмаса отбасында ерлі-зайыптылардың бірі көзіне шөп салу секілді мәселемен келген азаматтармен жұмыс істейді.

«Ең қиыны, маған зорлық көрсеткен адам емес, керісінше зорлық-зомбылық көрген, яғни жәбірленушілер көп келеді. Негізі екі адаммен де жұмыс істелуі керек. Психологияда ер азамат бір психологқа, ал әйел адам басқа психолог маманға барғаны дұрыс. Әсіресе, отбасында зорлық-зомбылық фактілері болса. Сонымен қоса психологияда ерлі-зайыптылардың екеуімен бірге жұмыс істейтін «отбасылық терапия» деген де бар. Кейде адамның жеке проблемалары болатын жағдайлар болады, ондай кезде ол адамның жеке өзімен жұмыс істеген дұрыс. Бірақ мәселе ортақ болған жағдайда, екеуімен де жұмыс істеу қажет. Сондықтан да мен жұбайларға жеке-жеке басқа психологтарға барып, ал маған екеуі бірге келуге кеңес беремін. Ал кейде екеуімен жеке-жеке жұмыс істеп, кейін бірге қабылдаймын. Дәл қазіргі кезде үш отбасы тұрмыстық мәселе бойынша терапиядан өтіп жүр. Олардың әрқайсысының проблемасы әртүрлі. Сол себепті мәселеге әртүрлі жағынан келуге тура келеді», - деді ол.

Маманның айтуынша, жалпы қазіргі таңда тек отбасылы адамдар ғана емес, жастар да психологқа баратын болды.

«Сондықтан да болашақта психологқа бару дәстүрі қалыптасады деп ойлаймын. Ал «ажырасудың алдын алу үшін жиі келе ме?» деген сұрағыңызға тоқталсақ, иә, жиі келеді. Алайда олар проблема басталған кезде емес, мәселе ушығып, ажырасудың алдында тұрғанда келеді. Міне, осы дүние ерлі-зайыптылардың татуласып, бірге өмір сүріп кетуін қиындатады. Сондықтан да алдыма келген әр отбасын сақтап қаламын деп айта алмаймын. Өйткені бір-бірінен әбден көңілі қалып, бір-біріне деген сенімі азайып, қарым-қатынасы әбден ушығып кеткен жұбайлардың қарым-қатынасын жақсарту қиын, кейде тіпті, мүмкін емес. Бірақ мені қуантатын бір жайтты айта кету керек, бүгінде қайта қауышып жатқан отбасылар саны аз емес. Мысалы, сотқа дейін барып, ақыр соңында ажырасып, қолына «ажырасты» деген қағаз алып, кейін қайта қосылған отбасылар бар. Міне, осындай жағдайлар көңілге қуаныш сыйлайды», - дейді ол.

Зубайда Кененбаеваның айтуынша, ажырасудың бала психологиясына кері әсері жайлы айту қиын.

«Өйткені әр отбасын жеке-жеке қарастыру керек. Мысалы, отбасында зорлық-зомбылық фактілері тіркелсе, не ата-ананың бірі араққа не есірткіге тәуелді болса, онда мұндай отбасыдан баланы құтқару қажет. Себебі мұндай отбасында баланың психикасы бұзылады. Ал ерлі-зайыптылар өз арасында бір дүниелерге келісе алмай, бір-бірін түсіне алмай ажырасуға шешім қабылдаса, онда баланы алдын ала дайындаған жөн. Мұндай жағдайда балаға «Біз ажырасқалы жатырмыз, бірақ оның саған түк те қатысы жоқ. Біз бір-бірімізді түсіне алмаймыз, үлкендер арасында осындай жайттар болады. Біз сенің әке-шешең болып қала береміз» дегендей түсіндіріп айту керек», - дейді ол.

Психологтың айтуынша, баланы ұрыс-керіске, соттағы мәселелерге араластырмаған жөн.

«Өйткені бала үшін әке мен шешенің орны бөлек, ол екеуін де бірдей жақсы көреді. Алайда бір мәселе бар, мысалы, ажырасып кеткеннен кейін бөлек тұратын әкесі не анасы баламен қарым-қатынасын үзіп кетеді. Мұндай жағдайлар көп емес, бірақ кездесіп жатады. Міне, осындай жайттар балаға қатты әсер етеді. Сондықтан да ата-ана ажырасып кетсе де, баламен қарым-қатынас үзілмеуі тиіс. Онымен жүйелі түрде кездесіп тұрғандары жөн. Мысалы, аптаның қай күні кездесу үшін белгіленді, сол күні тұрақты түрде жүздесіп, кездесу ұйымдастыру керек. Аспан айналып, жерге түссе де, сол келісілген уақытта баланың жанынан табылуы керек. Сол сәтте балада «қандай жағдай болмасын, олар менің жанымда болады» деген ой, сенім қалыптасады. Ал егерде кездесу белгіленген уақытта келмей, келем деп алып, жоғалып кетсе, оның үстіне жиі өтірік айтатын болса, бала да соған бейімделеді. Бұл оны қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды. Сөйтіп өзі де үйленіп не тұрмысқа шыққан кезде, оған сондай адамдар жолығады. Өйткені оның психологиясы солай қалыптасты, сондықтан да өзінің әке-шешесіне ұқсайтын адамдарды тартып тұрады», - дейді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ажырасу санына алаңдаушылық білдірген еді. Ол  мемлекет отбасы институтын қолдап, ол бойынша кешенді отбасылық саясат жүргізілетінін айтқан.

Марья Айдарбаева

Серіктес жаңалықтары