Батыс Қазақстан облысында екі автокөлік соқтығысып, екі адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Жол апатына қатысты тергеу жүріп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында екі автокөлік соқтығысып, салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 21 ақпан таңертең Бәйтерек ауданына қарасты Махамбет ауылы тұсындағы Самара-Шымкент тас жолының 241 шақырымында болды.

Toyota Alphard-тың 30 жастағы жүргізушісі 57 жастағы ер адам басқарған Hyundai Santa Fe автокөлігімен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан Toyota-да отырған 25 жастағы жолаушы мен Hyundai салонындағы 56 жастағы жолаушы оқиға орнында мерт болды. Ал екі жүргізуші мен қалған жолаушылар түрлі дене жарақатымен қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.

Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан, көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тергеу жүріп жатыр.

Бұл бап бойынша белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.