Бас әскери прокуратура Бекбол Мираштың өліміне қатысты пікір білдірді
Бас әскери прокуратура қатардағы сарбаз Бекбол Мираштың өзіне-өзі қол жұмсау дерегі бойынша қылмыстық істің тергелу барысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгінгі күні билікті асыра пайдалану арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша күдікті ретінде сол заставаның келісімшарт бойынша әскери қызметшісі өтеді. Қылмыстық Іс материалдарына сәйкес ол Б .Мирашты және онымен бірге әскерге шақырылған басқа да мерзімді әскери қызметкерлерді жүйелі түрде психологиялық тұрғыда қорлап, соққыға жыққан», - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Күдікті қамауға алынып, тергеу жалғасуда және ерекше бақылауға алынған.
«Тергеу барысында болған оқиғаның барлық нұсқалары, соның ішінде жыныстық ықтимал зорлық-зомбылық белгілері тексерілді. Алайда бұл дерек расталмаған. Адвокаттың өтінішхаттары белгіленген мерзімде қаралды және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы тәртібімен қанағаттандырылды. Адвокат С. Пралиевтің қылмыстық істің мән-жайларын жариялау жөніндегі әрекеттерінің заңдылығын уәкілетті орган, адвокаттардың тәртіптік комиссиясы қарайды», - делінген хабарламада.
Бас әскери прокуратура өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылықты ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөніндегі өзге де ақпарат жария етілуге жатпайтынын ескертті.
Тақырыпқа орай: Таразда асылып өлген сарбаздың аузынан, іш киімінен бірнеше адамның шәуеті анықталды
Еске салсақ, 2022 жылдың 19 тамызында Ұлттық қауіпсіз комитеті Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген 2004 жылғы Бекбол Мираш асылып тұрған жерінен табылған болатын. 1 қыркүйекте сарбаз өліміне қатысы бар деген күдікпен әскери қызметкердің ұсталғаны хабарланды.
Кейінен аталған күдіктінің адвокаты С. Пралиев баспасөз мәслихатын өткізіп, асылып өлген сарбаздың аузынан, іш киімінен бірнеше адамның шәуеті анықталғанын, алайда тергеу аталған деректі назарға алмай отырғанын мәлімдеп, қоғамдық резонанс туғызды. Кейіннен адвокат Сержан Пірәлиев қылмыстық істің деректерін жария еткені үшін жазалануы мүмкін екені хабарланды.
Жақында Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Бекбол Мираштың өлімінен кейін бірнеше қызметкердің қызметінен шеттелгенін мәлімдеді.