Ол өзі оқыған екі елдің оқу жүйесін салыстырды
Еуропалық одақтың бағдарламасы одаққа кіретін елдерде оқуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаның көмегімен Еуропаның үздік жоғары оқу орындарында оқып жүрген қаракөздеріміз де аз емес. Azattyq Ruhy тілшісі осындай студенттің бірі Дана Туғамбековамен әңгімелесті.
Қарағандылық Дана Туғамбекова Қарағанды мемлекеттік университетінде ағылшын тілінің аудармашысы мамандығының бакалаврын, орыс тілі және әдебиеті мұғалімінің магистратурасын тәмамдаған.
«Мамандығым бойынша 2 жыл сабақ бердім. Магистратурадан кейін Астанаға келіп, сайттарда аудармашы болып жұмыс істедім. Сол жылдары журналистикаға ауысып, ағылшын тілінде мақалалар жаза бастадым. Кейін баспасөз қызметінде де жұмыс істеп көрдім. Пандемия кезінде мен өзімнің бұрынғы арманым Еуропада оқу туралы ойландым. Менің бастапқы мамандығым аудармашы болғандықтан мамандықтар тізілімінде аудармадағы технологияны таңдадым. Онда 4 университет болды. Мен соның ішінен Испания мен Белгиядағы екі университетті іріктеп алдым», - деді Туғамбекова.
Осылайша ол қыркүйекте Испанияның Малага қаласына оқуға аттанады.
Данаға Испаниядағы өмір аса ұнамаған. Оған күннің ыстығы себеп болған.
«Испаниялықтар өте мейірімді. Бірақ жүрген жерлері даңғаза, шу болады. Менің жаным тыныштықты қалаған соң, сол үшін қоғамдық орындарға аз баратын едім. Адам ретінде олар ашық, көмектесуге дайын тұрады. Тағы бір қолайсыздық олардың барлығы ағылшын тілінде сөйлемейді. Сондықтан шағын маркеттерге бару үшін мен испан тіліндегі сөздерді меңгердім. Испанияда азық-түлік қымбат болмады. Алайда олардың асханасы маған ұнамады. Испаниядан өзге елдерге саяхаттау ыңғайлы болды. Мен Барселона, Мадрид, Валенсия, Сивилья мен әдемі шағын қалаларда болдым. Сондай-ақ мен Канар аралдарына да бардым. Тенерифедегі күнбатыстар өмір бойы есте сақтайтын әдемі естелік бола алады», - деді ол.
Дана Туғамбекова Испаниядан көршілес жатқан елдерге де саяхаттау қолжетімді болғанын айтты.
«Мен Испаниядан Португалияға автобуспен 30 мың теңгеге барып келген едім. Онда Лиссабон мен Порту қалаларында болдым. Португалия маған Испанияға қарағанда көбірек ұнады. Тағамдары дәмді, тұрғындары ағылшынша сөйлейді», - деді Дана.
Испаниядағы бір жылынан кейін Дана Туғамбекова оқуын Белгияда жалғастырып жатыр.
«Бельгияға келгенде астанасы Брюссельде 4 күн болдым. Барлық көрнекі орындарға барып шықтым. Фри картобы өнімінің отаны осы Бельгия болып саналады. Сондай-ақ Бельгия шоколады және сырасымен де танымал. Бельгиядағы ауа райы біздікіне ұқсас. Қыркүйекте жаңбыр, күн бұлтты болды. Мен тұратын қалада барлығы велосипедпен жүреді. Жаяу жүргіншілерге қарағанда, велосипедшілерге жақсы жағдай жасалған. Халқы сабырлы, тыныш. Маған Испанияға қарағанда Бельгияда көбірек ұнайды, - дейді ол.
Бельгия халқы үш тілде сөйлейді екен. Неміс шекарасына жақын аймақтағылар немісше, астанасында французша, Гент пен Брюггеде нидерланд тілінде сөйлейді. Алайда олардың барлығы ағылшын тілін жақсы меңгерген.
«Бельгиядағы оқу қатты ерекшеленеді. Бірінші тоқсанда технологиялық аударманың ерекшеліктері мен артықшылығын оқыдық. Мен өзім үшін аударманың 4 түрін таңдадым. Күніне бір модуль 3 сағатқа созылатын. Ақпараттың барлығы қолжетімді және өте көп. Бельгиялық оқытушылар өте қатал. Бағалағанда да әділ бағалайды. Испанияда мен «А» балын оңай алсам, Бельгияда оған жету өте қиын», - дейді қазақстандық студент.
Оның айтуынша, сабақтарға әртүрлі маман шақыртылады. Оқу қиын болса да, өте қызықты.
«Бельгиядағы Гент университеті үздік жоғары оқу орындарының бірі болып саналады.Техникалық суреттеу, локализация, машиналық аударма, терминология сынды сабақтарды оқып жатырмын. Тапсырмалары да сапалы. Оны бірден тәжірибе жүзінде үйрену де қолға алынған. Оқу процесі өте жақсы ұйымдастырылған. Бірінші семестрде 4 модуль оқысам, қазір менде екі модуль. Осы пәндермен бірге мен қазір диссертациялық жұмыс жазып жатырмын», - дейді Дана Туғамбекова.
Оның айтуынша, диссертацияда ол машиналық аударманың адамға қалай әсер ететінін зерттейді.
«Бастапқыда бұл маған өте жеңіл тақырып сияқты көрінген. Бірақ бұл өте күрделі екен. Мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде онлайн тәжірибе өткіземін. Оған өте үлкен дайындық керек. Компьютер арқылы аударманы адам түсінетін тілге жатқызуым керек. Менің жетекшілерім осы саладағы әккі мамандар. Оқу оңай деп айта алмаймын», - деді ол.
Қазақстандық студент Испанияның Малагасына барған кезде қонақжайлық көрсеткенін айтты. Ал Бельгияда шетелдік студент өте көп болғандықтан, арнайы жиналыс өткізіп, көмек көрсетудің жолдарына дейін түсіндіріп берген.
«Гент туралы ақпарат беріп, дастархан жайды. Олар студенттердің психологиялық жағдайына да қатты назар аударады. Сондықтан қиын-қыстау кезеңде тегін психологтің көмегін де ұсынады. Осы тұсы өзімнің көңілімнен шықты. Гент университеті әлем бойынша 200 үздік университеттің қатарына не үшін кіргеніне көп ойланбайтын осындай дүниелер бар», - деді Туғамбекова.
Дана Туғамбекова Еуропа қалалаларынан Қазақстанның артықшылығы цифрландырылуында екенін айтты.
«Бізде қағазбастылық аз. Цифрландыру жақсы дамыған. Испанияда ықтиярхатты өте көп күттім. Бельгияда да қағазбастылық бар. Сондықтан Қазақстан бұл салада әлдеқайда ілгері кеткен. Қазақстанда көлік қызметі өте арзан. Әуежайдан қалаға 90 теңгеге жетуге болады. Еуропада бұл сан арман. Сондай-ақ мобильді интернет те бізде арзан. Әрине, біздегі күнкөріс деңгейі мен еуропалықтардікін салыстыруға келмейді. Қазақстанның болашағы әлі алда, ол дамып жатыр. Ал мұндағы адамдар барымен базар. Олар дамуды көздемейді», - дейді ол.
Дана Туғамбекова оқуын тәмамдаған соң, жинаған білімін Қазақстанда көрсеткісі келеді.
«Әрине, мен кез келген өз елінің азаматы ретінде жинаған білімімді елімнің дамуына қолдансам деймін. Оқуымды тәмамдаған соң міндетті түрде елге оралып, еңбек етемін», - деді ол.
Ал әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова шетелге білікті кадрлардың кетуіне әлеуметтік, экономикалық факторлар әсер ететінін айтады.
«Білікті мамандар – жастар. Жастардың мамандығы қандай болса да, оларға жағдай жасалуы керек. Жастардың пәтер жалдауы, олардың жатақханасының жетіспеуі, стипендиясының аз болуы да әсер етеді. Олар осы елде оқып, әрі қарай елдің дамуына ықтиярлығы болмайды. Білім саласы – бөлек әңгіме. Жастардың ең алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту керек. Жастардың шетелге кетуі – әлемде бар проблема. Зерттеу көрсеткендей, ешбір мемлекет білікті маманын шетелге жібермейді. Өз елінің дамуына жағдай жасауға мүмкіндік беру керек», - дейді Оразбекова.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде жұмыс істейтін, оқитындарға «қай жерде жұмыс істесеңіз де, қазақ болып қаласыздар» деп айтқан еді.
«Абай кезінде «толық адам» деген терең ұғымды енгізді. Абай заманынан оза туды. Ол «толық адам» туралы білім, түсінік, қоғамның қажеттілігі тұрғысынан айтты. Қазір ағылшынша айтылып жүрген «a person of integrity», яғни барлық қарым-қабілеті мен білімі тоғысқан адам дегеніміз осы», - деген еді Мемлекет басшысы.
Марья АЙДАРБАЕВА