Ауылдағы медицина: сапа, қызмет көрсету, жалақы
Мемлекет ауылдағы медициналық көмек көрсетудің сапасы қаланікінен нашар болмауы үшін бастамалар енгізіп жатыр
Ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсету үшін мемлекет пен құзырлы министрлік бірқатар бастаманы жүзеге асырып жатыр. Онда жедел жәрдемнің саны мен саланы цифрландыру мәселесі қамтылған. Осы орайда ауылдағы ағайынның денсаулығын қамтамасыз етіп жүрген медицина қызметкерлерінің пікірін білдік, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ақмола облысы Бұланды аудандық ауруханасының мейірбикесі Күлбаршын Хасенова медицина саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол ақ халатты абзал жан болудың өзіндік ерекше миссиясы бар екенін айтып өтті. Маман бұл салаға бірден келмегініне де тоқталды. Ол алдымен зауытта бір жылдай еңбек еткен.
«Зауыттағы жұмыстан кейін Астана қаласындағы медициналық университеттің училищесінде 1990-1992 жылдары аралығында жұмыс істедім. Одан кейін Макинск қаласындағы аурухананың жан сақтау бөліміне мейірбике болып жұмысқа тұрдым. Биыл осы бөлімде жұмыс істеп жүргеніме 31 жыл толады», - дейді Хасенова.
Мейірбике ширек ғасырдан астам уақыт бойы бір саланың отымен кіріп, күлімен шыққан соң, тәжірибе жинақталмай тұрмайды. Осы уақыт ішінде жұмыстың машақаты да мол болған.
«Бастапқы кезеңде, әрине, барлық жерде сияқты қиындық көп болды. Жұмыстың, қызметтің оңайы жоқ. Тек жаныңа жақын қызметті таңдап, оны одан әрі алып кетудің маңызы зор. Бізден үлкен қызметкерлерден үйрендік, біліктілікті арттырдық. Қиын кезеңде жылайтынбыз да, күлетінбіз де. Барлығын еңсердік. Ұйқысыз түндер көп болды. Қанша ота жасалды», - деп еске алады ол.
Маман қызмет еткен уақытта отбасынан қолдауы аса маңызды екенін айтады. Ол отбасы тыныш емес, ынтымағы жоқ болып, түсініспеушілік болса, істеп жатқан жұмысыңның да берекесі болмайтынын жеткізді.
«Бір ұлым мен екі қызым бар. Жолдасым күні-түні жұмыс істеп жүргеніме түсінушілікпен қарайды. Себебі мен тек өз отбасымның ғана емес, тұрғындардың да денсаулығына жауаптымын. Әрине, үйде қолдау тапқаннан кейін жұмыста жаның тыныш болады. Ештеңеге алаңдамай, өз ісіңе беріліп жұмыс істейсің. Тұрғындардың дертіне дауа іздегенде де, артыңда үлкен қолдау тұрғанын біліп, алаңсыз жаныңды салып жұмыс істеуге мүмкіндігің болады», - деді ол.
Бұланды ауданының ауруханасында қызмет істейтін медбикенің жалақысы ешбір төлемді алмағанда 80 мың теңгені құрайды. Алайда еңбек өтілі мен санатты қосқанда қолына 190 мың теңге алатыны белгілі болды.
Тағы бір кейіпкеріміз осы облыстың Біржан сал ауданы Мақпал ауылында қызмет етеді. Медбике Әлия Ғаббасқызы табиғаты сұлу кербез Көкшенің баурайындағы шағын ауылда дүниеге келгенін айтады.
«Мен 1969 жылы осы ауылда дүниеге келдім. Отбасымдағы сегіз баланың кенжесімін. Анам колхоз кезінде сауыншы болып жұмыс істеген 40 жыл еңбек өтілі бар еңбе
к ардагері еді. Ал әкем ауылдық жұмыс комитетінің төрағасы, бригадир, кейін пошта меңгерушісі болды. Осы сынды басқару қызметінде жүріп, кейін денсаулығы сыр бере бастады. Жүрек ауруы, кейін оған өкпесі қосылды. Сол кездегі балалық арманым дәрігер болып, әкемді емдеп шығару еді. Осы мақсат мейірбике мамандығын таңдауға негіз болды», – деді дейді Ғаббасқызы.
Ол айтқандай, орта мектепті тәмамдаған соң арманын орындау үшін қалаға оқуға аттанады.
«Көкшетау қаласындағы училищені 1989 жылы тәмамдадым. Ең алғаш жұмыс істеген орным Степняк қаласындағы балалар бөлімшесі болды. Одан кейін Бұланды, Қоғам ауылдарында да жұмыс істеп көрдім. Ал 1995 жылдан бастап тұрмыс құруыма орай Мақпал ауылында мейірбикемін», - деді Әлия Ғаббасқызы.
Мейірбике 33 жыл өмірін осы салаға арнаған. 2018 жылы жоғары санатты дәрежені Көкшетау қаласында қорғап шығады.
«Мейірбике ісінің негізгі мақсаты адам денсаулығын қорғау қажеттігін қанағаттандыруға негізделеді. Сондықтан да ел ішінде адамдарды, отбасыларды, халықты физикалық, психикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйретуге тырысамын. Өйткені мейірбике ісінің негізгі философиясы өмірді, адамның құқығы мен абыройын сыйлау, жеке тұлға ретінде қарастыру болып табылады», - дейді ол.
Мейірбике бір салада ұзақ жылдар бойы қызмет етудің сыры отбасы мүшелерінің қолдау көрсеткенінде деп есептейді.
«Жолдасым екеуміз екі бала тәрбиелеп өсірдік. Ұлым Алмас бен қызым Әсел бой жетті. Екеуі де шаңырақ көтерді. Өзім де әже болдым. Ұрпағым ешкімнің ала жібін аттамайтын, адал жандар болып қалыптасатынына кәміл сенемін», - дейді ол.
Мейірбикенің айтуынша, аяқасты жұмысқа шақырған кездері олар бір отбасы болып жұмыла әрекет жасайды.
«Жұмыс кейде қауырт болады. Күн-түн демей жұмысқа шақыртып қалатын кездер де баршылық. Жолдасым шағын мал шаруашылығымен айналысады. Ол үй жануарларын баптаған соң, олардың жағдайын жасаған соң, менің де жұмысыма түсінушілікпен қарайды. Шақыртып қалса, «тездет», «жылдам жет» деп айтып отырады. Ұлым үйде болса, көлігін әзірлеп, сақадай сайланады. Отбасымның қолдауы жақсы», - деді ол.
Маманның айтуынша, мейірбике – денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші. Ол көп жыл бойы қажырлы еңбектің қайыры болады деп есептейді.
«Тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда мейірбике жұмысына тікелей байланысты. Өз ауылымда атқарып жүрген еңбегімді бағалап, 2019 жылы Аудан әкімі алғыс хатпен мараппаттады. 2016 жылы Бас дәрігердің грамотасына ие болғам», - деді Әлия Ғаббасқызы.
Ақмола облысы Біржан сал ауданына қарасты ауылдық жердегі медбикенің еңбекақысы біліктілік санатынсыз 130 мың теңге, ал санат пен еңбек өтілі есептелесе, маман 189 мың теңге алады екен.
Мемлекет басшысының 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру көзделген.
Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді.
«Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.
Марья АЙДАРБАЕВА