Тоқаевқа Конституциялық сот жұмысы туралы мәлімет берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Эльвира Азимова конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтініштер туралы айтты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимованы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Президентке Конституциялық сот өз жұмысын бастағаны, өкілеттігін жүзеге асыруға кіріскені, сондай-ақ биылғы 1 қаңтардан бері азаматтардан келіп түскен өтініштер жөнінде мәлімет берілді.

Эльвира Азимова конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтініштер мен конституциялық бақылау аясында жоспарланған шаралар туралы айтты.

«Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық іс жүргізудің барлық сатысының ашықтығын және Конституциялық сотқа жүгіну тәртібі туралы азаматтардың хабардар болуын қамтамасыз етудің, сондай-ақ Ата заңның сақталуына бақылауды күшейтудің маңызды екенін атап өтті», - делінген хабарламада.