АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Түркияға барды

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Энтони Блинкен жер сілкінісінен зардап шеккен Аданадағы әуе базасына келіп қонған

Фото ашық дереккөзден

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Түркия мемлекетіне барып, НАТО-дағы серіктес елге жер сілкінісінен кейін қолдау танытты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Еuronews-ке сілтеме жасап.

Блинкен мінген ұшақ Аданаға жақын маңдағы Инджирлик әуе базасына келіп қонған.

Айта кетейік, Түркия мемлекетіне ел-елден келіп жатқан гуманитарлық көмек алдымен осы әуе базасына жеткізіледі. Алапат зілзаладан тек Түркияның өзінде 41 астам адам қаза тауып отыр. Ал АҚШ басылымдарының хабарлауынша, Мемлекеттік хатшы Түркияның әскерилерімен және бірқатар шенеунікпен кездесіп, жер сілкінісінен зардап шеккендерге Америка жіберетін көмекті үйлестіру жөнінде сөйлеседі. Бүгін кешке Энтони Блинкен Анкараға жетіп, Түркияның президенті Режеп Ердоғанмен кездеседі деген болжам бар.

Жер сілкінісінің ертеңінде АҚШ Түркия мен Сирияға 200-ден астам құтқарушы жіберіп, 85 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмектің алғашқы траншын жөнелткен еді.

Еске салсақ, Қазақстан басшысы Түркияға шұғыл көмек көрсету үшін 1 миллион доллар бөлуді тапсырғаны хабарланған болатын. Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметке Түркияға 55 тонна көлемінде қосымша гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.

Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін үйінділерді аршуға 88 елден 11 мың құтқарушы қатысты. Қазақстан тарапынан Түркияға 100 құтқарушы барған болатын. Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқан қазақстандық құтқарушылар елге оралған соң марапатталатынын айтты.

18 ақпанда қазақстандық құтқарушылардың алғашқы эшелоны Түркиядан Алматыға оралды. Оларды туыстары әуежайдан күтіп алды. Нұрдагы қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмыс істеген қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны да туған жерге аман-есен оралды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының бір топ құтқарушылары мен дәрігерлері бар ұшақ Астана әуежайына қонды.