Зардап шеккен азамат ауруханаға жатқызылды
Түркияның Хатай провинциясында жер сілкінісінен 278 сағаттан кейін үйінді астынан 45 жастағы ер адам аман табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
45 жастағы Хакан Йошиноглу Дефне ауданындағы құлаған ғимараттың үйінділері астынан табылды.
Іздеу-құтқару тобы қираған үйдің қоқыстарының астында тірі адам бар екенін анықтады. Құтқарушылар үйінділерді аршып, нәтижесінде ер адам құтқарылды.
Зардап шеккен азамат ауруханаға жатқызылды.
Алтыншы ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 04.17 - де – 7,7 балл және 13.24-те-7,6 балл).
Қазіргі уақытта Түркияның оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 39 мыңнан асты.