Ыстамбұл мэриясы: Зілзала болса 300-ден астам ғимараттың құлау қаупі бар

Автор: Azattyq Rýhy

Оларда 10 мыңдай адам тұрып жатыр

фото ашық дереккөзден

Ыстамбұл қаласының билігі жерасты дүмпуі болған жағдайда 318 ғимараттың құлау қаупі бар екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ыстамбұл мэриясының өкілі Бугра Гёкче қалада 10 мыңға жуық адам жер дүмпуі кезінде құлау қаупі бар ғимараттарда тұрып жатқанын айтты.  

«10 мыңдай адам тұрып жатқан 318 ғимарат зілзала болса бірден қирауы мүмкін. Бұл ғимараттардың сейсмологиялық тұрақтылығы Е-класынан да төмен. Ыстамбұлдағы 1525 ғимараттың сейсмикалық тұрақтылығы D және E, бұл қауіп жоғары дегенді білдіреді», - деді ол.

Сонымен қатар ол мэрия тұрғындарға аталған ғимараттардан көшуге қаржылай қолдау көрсететінін мәлімдеді.