ҚР ТЖМ қызметкерлері 7 адамды құтқарып, 88 адамның денесін үйінді астынан шығарды
Түркияда алапат жер сілкінісінен соңіІздеу-құтқару жұмыстары жүргізіле бастаған күннен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі үйінді астынан шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетуде. Өткен кезеңде 140-тан астам жергілікті тұрғынға, соның ішінде 17 балаға медициналық көмек көрсетілді. Олардың ішінде стрестің жедел реакциясы, салқын тию, тыныс алу жолдарының аурулары, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым.
Бірінші күннен бастап жедел штаб жұмысын жалғастыруда, оның міндеттері – ТЖ аймағындағы жағдай туралы деректерді жинау, өңдеу және талдау, қажетті ақпаратты беру; ТЖ күрделенуін және олардың салдарын болжау; ТЖ жою мәселесін жедел шешу бойынша ұсыныстар дайындау.
«Қазіргі уақытта Қазақстан ТЖМ құтқарушылары екі елдімекенде іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастыруда. Қираған үйлердің орнындағы үйінділердің арасын ашу жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар тұрақсыз құрылымдарды бөлшектеу және арнайы кескіштің көмегімен жол тазарту және қирандылардың астынан зардап шеккендерді іздеуді жеңілдету үшін үйінділердің астындағы арматураны кесу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бетон, арқалықтар және басқа да құрылыс қалдықтарын бөлшектеп, арнайы техникаға жүктеуді жеңілдету үшін жасалады», - делінген хабарламада.
Газиантеп қаласы бірінші эшелонмен барған құтқарушылар тәулік бойы екі ауысымда екі учаскеде жүргізілуде.
«Құтқарушылардың бір тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғастып жатыр. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 30 қаза тапқан адамның денесі шығарылды.
Құтқарушылардың басқа тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде, қайтыс болған 24 адамның денесі шығарылды», - делінген хабарламада.
Қазақстаннан ТЖМ екінші эшелонмен барған құтқарушылар Түркияға келген сәттен бастап Нурдагы қаласында іздеу-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде. Толығымен қираған ғимаратта қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді.
«Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, жедел және сауатты іс-қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды – ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды. Адамдар дереу медициналық қызметтеріне жеткізілді. Қайтыс болған 11 адамның денесі шығарылды», - делінген хабарламада.
Зардап шеккен адамдарды іздеуге техникалық құралдар, үйінділерді бөлшектеуге инженерлік техника пайдаланылуда. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.