Ердоған қаза тапқандардың туыстарына 100 мың лира көлемінде ақшалай көмек көрсететінін мәлімдеді
Түркияның оңтүстігінде болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 35 418-ге жетті. Бұл туралы ел президенті Режеп Тайып Ердоған Республика кабинеті отырысының қорытындысы бойынша телеарнада мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Anadoly-ға сілтеме жасап.
Кеңес Анкарадағы түрік ТЖ салдарын жою басқармасының (AFAD) штаб-пәтерінде өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, апат кезінде жарақат алған 13 208 адам қазіргі уақытта елдегі ауруханаларда ем қабылдап жатыр.
Президент Ердоған апат аймағында іздестіру-құтқару және тағы басқа да жұмыстарға 250 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмылдырылғанын хабарлады.
Сондай-ақ үйінді астында қалған адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстарына 82 елдің құтқарушылары Түрік еліне жетті. Барлығы 100 мемлекет табиғи апаттан кейін көмек ұсынды.
Ердоған мемлекет жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандардың туыстарына олардың шұғыл қажеттіліктері үшін 100 мың лира көлемінде ақшалай көмек көрсететінін мәлімдеді. Бұған дейін Түркия президенті жер сілкінісінен зардап шеккендерге жыл бойы тұрғын үйді жалға беру ақысын төлейтінін айтқан болатын. Сол уақыт ішінде оларға жаңа баспана тұрғызылатынын айтты.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев апат орын алған алғашы күні-ақ Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек жіберу жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шұғыл жәрдем ретінде 1 миллион доллар бөлінетінін хабарлаған еді. Бұдан бөлек, қазір зілзала болған аймақта қазақстандық құтқарушылар да адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал қазақстандық еріктілер Кахраманмараш қаласында 100 қазақ үйін тігіп жатыр.
Бұдан бөлек, әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Stranger әлемдік турне-концертінің билеттерінен түскен қаржының бір бөлігін Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде аудармақ.
Еске салайық, аумақтарда бірқатар ірі жер сілкінісі 6 ақпанда басталды. Магнитудасы 7,8-ге дейінгі дүмпулер Түркия мен Сирияда ғимараттардың жаппай қирауына әкеп соқты. Эпидорталық аймағында ені 200 м жететін жарық пайда болды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, тек Түркияда жүз мыңнан астам ғимарат ішінара немесе толығымен қираған. Мыңдаған адам әлі де үйінді астында қалуы мүмкін.