Екібастұзда қазандықтарды әкімдік пен кәсіпорын бірге жөндейді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазандықтардың күрделі жөндеуіне кететін шығынды бөліп төлеу жөніндегі меморандум жасалған

фото: pavlodarnews.kz

Екібастұздағы қазандықтарды әкімдік пен кәсіпорын бірге жөндейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

«Жазда станцияда 8 қазандықта күрделі жөндеу жүргізіледі: үшеуі –  энергетикалық, бесеуі –  су жылытқыш. Мұнда қазандықтардан бөлек, қосымша құралдар да жөнделетін болады. Сондықтан жұмыс көлемі ауқымды болмақ. Біз станцияны негізгі күшімен жұмыс істейтін жағдайға жеткізбекпіз», – деді «ОАЭК» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал.

Бұған дейін «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-дағы бір қазандықты күрделі жөндеуге 1 млрд теңге керек екені айтылған болатын. Бағдат Орал бұдан да көп сома шығатынын атап өтті.

«Ол сома қазандықтарға тексеру жүргізілмей тұрып айтылған. Біз шыққан ақауларға қатысты есептеу жүріздік. Әрине, мұнда шығын көлемі артатын болады.  Тексеру қорытындысы бойынша қазандыққа жұмсалатын қаржы туралы сметалық құжаттама сәуір айының соңында дайын болады. Сол кезде нақты соманы білетін боламыз», – деді Бағдат Орал.

Сондай-ақ Бағдат Орал күрделі жөндеуге берілетін қаржыны кім төлейтініні туралы сұраққа да жауап берді.

«Біз облыстық әкімдікпен меморандум жасастық. Күрделі жөндеу кезінде кәсіпорынның меншік иелері шығынның кемінде жартысын шығаруы тиіс. Қалғанын жергілікті атқарушы орган көмек ретінде бюджеттен береді. Бұл  мемлекеттік-жекеменшік серіктестік болады», –  деді Бағдат Орал.

Осы аптада алғашқы қазандықта күрделі жөндеу басталатын болады. Бағдат Орал жұмысты уақытында аяқтау үшін жұмысты жүргізетін компаниялар дайын екенін айтты.

«Осы аптада №7 энергиялық қазандық күрделі жөндеуге кіріседі. Соңғы айда компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бүгінде бір компания станциясында жұмыс жасап жатыр. Күрлелі жөндеулер кезінде көп адам керек. 250-300 адам керек деп отырмыз. Ресурс бойынша мәселе болмау керек. Үш компания жөндеуге кірісуге дайын тұр. Жылыту мауысмын аяқтай сала жұмысқа кіріседі», – деді Бағдат Орал.

Еске салайық, Екібастұзда жылуға қатысты төтенше жағдай орын алғалы бері 1,9 млрд теңге жұмсалғанын хабарлаған болатынбыз. Оның ішінде 1,3 млрд теңге жөндеу жұмыстарына жұмсалған.