Синоптиктер наурыз айында ауа райы қандай болатынын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Наурыздың басында және ортасында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын болады

Фото: pixabay.com

Айдың алғашқы онкүндігінде елдің солтүстік жартысында ауа температурасы түнде 5-10 градус аяз болады, шығыста кей жерлерде 15-20 градусқа дейін аяз, ал оңтүстік өңірлерде күндіз 10-20 градусқа дейін жылынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Наурыздың басында және ортасында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын болады. Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс өңірлерінде екпіні 15-25 м/с жететін қатты жел соғады. Ал солтүстік өңірлерде бұрқасын, жауын- шашын күтіледі.

Еліміз бойынша ай соңына дейін тұман жиі түсіп, солтүстікте көктайғақ болады. Жауын-шашынмен қатар ауа температурасы да төмендейді.

«Бірінші онкүндік соңында Кар теңізінен суық антициклонның келуімен Қазақстанның солтүстігі, шығысы мен орталығында ауа температурасы төмендеп, термометр бағаны түнде 10-15, кей жерлерінде 20-25 градус аязға дейін, күндіз 5-13, оңтүстікте түнде 2-12 аязға дейін төмендейді. Сондай-ақ, оңтүстікте ауа температурасы күндіз 0-8 градусқа дейін жылынуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Еліміздің батысында бірінші онкүндіктің басында және ортасында жауын-шашын болуы ықтимал. Ауа температурасы түнде 0-8 аяздан 0-5 граудсқа дейін, күндіз 0-5 жылыдан 5-13 жылыға дейін өзгереді.

Наурыз айында ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1°С жоғары болады. Оңтүстік-шығыс бөлігінде қалыпты болады (норма: солтүстікте – 3-9 аяз, оңтүстікте – минус 2, плюс 8).

«Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады. Тек еліміздің батысында қалыпты болуы ықтимал (ҚР басым бөлігінде норма 10-25 мм, тек оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс тау мен тау бөктерлі аудандарда 30-90 мм)», – делінген хабарламада.

Бір ай ішінде циклондар мен антициклондардың жиі ауысуы жауын-шашынның жиі жаууына, ауа температурасының өзгеруіне әсер етеді.