$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаевқа Түркиядағы қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы есеп берілді

Мемлекет басшысы ТЖМ басшысы Юрий Ильинді қабылдады

Тоқаевқа Түркиядағы қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы есеп берілді
Фото: Ақорда

Министр Президентке Түркияның жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарында қазақстандық құтқарушылардың жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қиын жағдайларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыса отырып, жоғары кәсібилік танытып, өз міндеттерін нәтижелі атқарып жатыр. Әзірге аман қалған 4 адам құтқарылды», - делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құтқарушылар мен кинологтар тобы хабарсыз кеткен Қазақстан азаматтарын іздеу үшін бүгін таңертең Хатай қаласына келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық құтқарушылардың жұмысына оң баға беріп, оларға сәттілік тіледі. 

Сонымен қатар Президент Үкіметке Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Сирияға гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7 баллдан асатын екі жер сілкінісі болды. Зілзала сондай-ақ көрші елдерде, соның ішінде Сирия, Ливан, Ирак, Кипр сияқты бірқатар елде тіркелген. Жерасты дүмпулері салдарынан Түркияның Кахраманмараш, Газиантеп, Шанлыурфа, Диярбакыр, Адана, Адияман, Османие, Хатай, Килис, Малатия және Элазиг провинцияларында мыңдаған адам қаза тапты.

Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 12 391-ге жетіп, жараланғандар саны 62 914-ке жетті, 6444 ғимарат қирады.

Түркияда жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар үшін жеті күндік жалпыұлттық аза тұту жарияланды. 12 ақпанға, яғни жексенбіге дейін елдегі және елдің шетелдегі өкілдіктеріндегі тулар түсірілді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеру үшін Түркияға шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.

Тақырыпқа орай: «Өліммен бетпе-бет келдік»: қазақстандық студент Түркиядағы жағдай туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жасағы жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектесу үшін Алматыдан және Астанадан екі эшалон құтқарушылар ұшып шықты. Олар екі күннен бері зілзала ошақтарында құтқару жұмыстарымен айналысып жатыр. 8 ақпанда қазақстандық құтқарушылар Түркияда үйінді астынан әйелді алып шыққан болатын. 9 ақпанда Газиантептегі объектілердің бірінде біздің құтқарушылар үйінділердің астынан 3 адамды тірідей шығарып алды.

Қазақстан Президенті Үкіметке Түркияға шұғыл көмек көрсету үшін 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Қазақстандағы елшілігінде болып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.

Тақырыпқа орай: Түркияда жоғалып кеткен тағы екі қазақстандықтың орналасқан жері анықталды

Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджидің айтуынша, Түркияда жер сілкінісінен кейін төрт қазақстандық жоғалып кеткен. Бұған дейін Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашев туыстарымен байланысқа шықпағаны хабарланған болатын. Онымен үш әріптесі де байланысқа шықпаған: Әділ Қадырбеков, Сабина Мамадьярова, Құбылай Кескин. Кейіннен Сабина Мамадьярованың үйінді астынан тірі табылғаны, оның қолы сынғаны хабарланды.

Серіктес жаңалықтары