Жеңілдетілген автонесиелеу кезегін сату туралы хабарландыру жалған болып шықты

Автор: Аягөз Құрмаш

Әр өтініш беруші өз ЖСН-і арқылы тіркеледі

Фото: elements.envato.com

Жеңілдетілген автонесие беруге мақұлданған өтінімдерді сату туралы пайда болған хабарландырулар туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Пулдағы өз орныңды сату, ондағы өз орныңды беру мүмкін емес. Онда ЖСН, тегі, аты, туған жері сияқты барлық дерек көрсетілген.  Басқа адам несие ала алмайды. Сондықтан ондайларға сенбеңіз,  ондай іс-әрекеттің артында алаяқтар тұруы мүмкін», - деді Ринат Гаппаров.

Ол сондай-ақ боттардан қорғану мәселесіне түсініктеме берді.

«Боттарға келетін болсақ, өтінім беру кезінде бізде антибот бар, бот тіркеуден өте алмайды. Олқылықтар аяқталғаннан кейін бұл бағдарлама ай сайын жұмыс істейді. Іске қосу күні мен уақыты туралы қосымша хабарлаймыз», - деп қосты Ринат Гаппаров.

Айта кетейік, бүгін елімізде жеңілдетілген несиемен автокөлік алу бағдарламасы басталғаннан кейін 18 секунда аяқталды.