Туристерді тарту бойынша Түркия әлемде 3-орынға шықты
Түркияға келген туристер саны рекордтық көрсеткішке жетті. Анадолы мемлекетінің билігі 2022 жылдың туризм бағыты бойынша жасалған жұмыстың нәтижесін жариялады. Мәдениет және туризм министрлігінің мәліметінше, шетелден келген қонақтар саны 51 миллионнан асып түскен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Осылайша, туристерді тарту бойынша Түркия әлемде 3-орынға шықты.
«2022 жылдың соңына қарай шетелдік туристерге қатысты статистика туралы деректер пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 65 пайызға қалпына келді, кіріс одан да жоғары: 2022 жылы Түркияның туризм кірісі 2019 жылмен салыстырғанда 19 пайызға артып, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл 46,3 миллиард долларға тең. Болашақта елімізге 90 миллион турист әкеліп, кірісіміз 2028 жылға қарай 100 миллиард долларға жететініне сенімдіміз», -деді Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой.
Түрік кеденінің деректерінше, індет басталмай тұрғанда, 2019 жылы демалуға келген туристер саны 51,8 миллионға жеткен. Ал былтыр елге 51,4 миллион турист келген. Бұл - Түркия тарихында пандемиядан кейінгі рекордтық көрсеткіш. Алдағы 5 жылда ел билігі туризмнен түсетін табысты 2,5 есеге жеткізуді жоспарлап отыр.
«Алдағы 5 жылда мақсаттарымызға жету үшін біз нарықты әртараптандыруға, нақты аймақтарымыз бен өнімдерімізді жаһандық ілгерілетуге және брендингке және тұрақты туризм экожүйесін құруға назар аударамыз. Түркия - жаһандық тұрақты туризм кеңесімен (GSTC) үкімет деңгейінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған әлемдегі алғашқы ел. Біздің GSTC-пен келісіміміз 2030 жылдың соңына дейін 3 қадамдық жоспарды бекітеді және осы уақытқа дейін біздің елімізде 100% тұрақты туризм экожүйесі болады. Біздің брендинг және жаһандық таныту іс-шараларымыз жылдан-жылға артып, 2028 жылдың соңына қарай бізде еліміздің бүкіл туристік және мәдени ұсынысын бүкіл әлемге ұсынатын барлығы 9 бағыт пен 20 өнім қосалқы бренді болады. Біз байланыстағы әртүрлілік пен сабақтастықты сақтаймыз, осылайша 2028 жылға қарай маркетингтік коммуникациялар бюджеті 225 миллион долларға теңгеріледі», - деді Мехмет Нури Ерсой.
Түркия туризмді насихаттау іс-шараларында нақты салаларға назар аударған. Сенім, гастрономия және спорт туризмін, сонымен қатар MICE әдісіне басымдық берілген. Денсаулық сақтау туризмінен бөлек жыл он екі ай түріктердің 81 қаласына туристердің үзілмеуін қамтамасыз етуді қарастырып қойған. Археологиялық сәнді ғимараттарын сақтау және сапалы қызмет көрсету арқылы ақ сырттан туристерді көп тартып отыр.