Шығыс Қазақстанда қар көшкіні жүру қаупі сақталады

Автор: Azattyq Rýhy

ТЖД тұрғындарға барынша абай болуды ескертеді

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында 6 ақпанға дейін қар көшкіні жүру қаупі сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департаменттің мәліметінше, 4-6 ақпан аралығында өңірдің таулы жерлерінде қар көшкіні жүру қаупі бар.

«Метеорологиялық жағдайдың өзгеруіне, жиі қар жаууына және желдің күшеюіне байланысты облыстың таулы жерлерінде қар көшкіні түсуі ықтимал. Осы ретте, тұрғындарға барынша абай болуды, ешбір жағдайда тауға шықпау қажеттігін ескертеміз», - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.

Егер қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар бірден «112» нөміріне қоңырау шалыңыз.