Мәскеуде бұзауымен серуенге шыққан америкалық әйел қамауға алынды

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Жануарларға жаны ашып жүретін келіншекке ресейлік полицейлер екі хаттама толтырды

Фото: "Москва 24" телеграм-каналы

Америкалық белсенді қыз Мәскеудегі Қызыл алаңда бұзаумен бірге серуендегені үшін 13 тәулікке қамауға алынды. Оған полицияға қарсы келді деген айып тағылған. Екінші хаттама бойынша тағы да кінәлі болған қызға сот 20 мың рубль айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

АҚШ-тан келген 34 жастағы әйел Алисия Дэй Мәскеуде бір күн бұрын Қызыл алаңда бұзауымен бірге жүргенде ұсталған. Алисия бұзауды сойып жеуге жол бермес үшін сатып алған болып шықты. Ресейлік БАҚ оны жануарлар құқығын қорғаушы деп атап кеткен. Ол жан-жануарларды союдан құтқару үшін сатып алады. 2019 жылы Дэй Лондон маңындағы фермадан шошқа сатып алып, онымен бірге жалдамалы пәтерде тұрса, 2022 жылы қошқарымен бірге Польшаны аралаған.

Жануарларға жаны ашып жүретін келіншекке ресейлік полицейлер екі хаттама толтырды.

«Мәскеудегі Тверь соты оған Ресей Федерациясы Әкімшілік кодексінің 20.2-бабының 6.1-бөлігі бойынша 20 мың рубль айыппұл салды (жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін рұқсат етілмеген акция)», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Одан кейін Ресей Федерациясының Әкімшілік кодексінің 19.3-бабының 1-бөлігі бойынша 13 тәулікке әкімшілік қамауға жіберілді (полиция қызметкерінің талабына бағынбау). Дэй журналистер мен сотқа бұзауының аты «Доктор» екенін, оған көрікті жерлерді көрсетіп,  қартайғанда Кировтағы жануарлар қорасына жіберетінін айтқан.

Полиция бұған басқаша қарап, «вегетариан және жануарлар құқығын қорғаушы» америкалық әйел «бұзауды көрнекі үгіт ретінде қолданды» деп шешті. Сотта жарияланған полиция хаттамасында Дэй «Жануарлар – тамақ емес» деп ұрандатқан. Ал қашар болып кеткен бұзау жануарларды оңалту орталығына жеткізілді.