ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев: Тәртіп барлық жерде болуы керек

Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында қаланы абаттандыру мәселесі қозғалды

Тоқаев: Тәртіп барлық жерде болуы керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында қаланы абаттандыру мәселесіне тоқталып өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекет басшысы қалада қар күреу мәселесі өте өзекті болып тұрғанын мәлім етті.

«Келесі мәселе – қаланы абаттандыру. Бұл жерде ұсақ-түйек деген мәселе болмауы керек, бәрі – маңызды. Тәртіп барлық жерде болуы керек. Өкінішке қарай, қаланың көркі қашып барады. Жолдардың жиегі тегіс емес, кейбір көшелер тас қараңғы. Көше бойынан қоқыс салатын жәшік те табылмай жатады. Қыстыгүні қала ішіндегі қар уақтылы сыртқа шығарылмайтын кездер де болады. Қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады.

Жақында Астана көшелері бірнеше күн бойы кәдімгі мұз айдынға айналды. Абаттандыру жұмысына соңғы 3 жылда 45 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ қаладағы үйлердің ауласы түгел бір қалыппен емес, өз ерекшелігімен салынғаны жөн», - деді Мемлекет басшысы.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қаланың келбетін әр әкім өз талғамы бойынша өзгертуге болмайтынын айрықша атап өтті.

«Урбанистика саласының мамандарымен, сәулетшілермен, тұрғындармен бірлесіп, тың, жаңа тәсілдерді қолдану қажет. Мысалы, ашық байқау жариялап, озық жобаларды таңдап алуға болады. Қаланың келбетін әр әкімнің талғамы бойынша өзгерте беруге болмайды. Нақты бекітілген жоспармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек», - деді Президент.

Серіктес жаңалықтары