$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада құрылыс қарқыны бәсеңдейтін болса, 30 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін – Президент

Мемлекет басшысы қаланың дамуын жүйелі жоспарлау қажет екенін атап айтты

Астанада құрылыс қарқыны бәсеңдейтін болса, 30 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін – Президент
Фото ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында тұрғын мәселесіне айрықша назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Тұрғын үй құрылысы саласында көптеген мәселелер қордаланып қалды. Инженерлік инфрақұрылымның жоқтығына байланысты әкімдік тұрғын үй құрылысының қарқынын кезең-кезеңімен төмендетуді ұсынып отыр. Бұл ретте елордада бала туу деңгейі жоғары, көші-қон ағыны көп. Құрылыс қарқыны бәсеңдегенде 30 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Мұндай проблемаларды болдырмау үшін қаланың дамуын жүйелі жоспарлау қажет. Бұл жағдайда, өкінішке қарай, айтарлықтай олқылықтар бар.

Елорда қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек. Салынып жатқан барлық нысандар заманауи энергия үнемдейтін технологияларды қолдануы керек. Төрт мыңға жуық үлескердің мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Заңнамалық базаның әлсіздігінен қалада жаңа проблемалық нысандар пайда болуы мүмкін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылай деген Мемлекет басшысы бүгінде Астанада 90-нан астам тұрғын үй кешені рұқсатсыз салынып жатқанын атап өтті. Құрылыс компаниялары аз ғана айыппұл төлеп, азаматтардан қаражат жинауды жалғастыруда. Президент Үкіметтің мемлекеттік реттеу шараларын күшейтуі керек екенін, әзірлеушілерге заңды айналып өтіп, үлескерлерден қаражат тартуға жол берілмеуі керек екенін тапсырды. Бұл жұмысқа Қаржы мониторингі агенттігі де тартылуы тиіс екенін еске салды.

«Соңғы кезде ескі және апатты жағдайда тұрған үйлерді сүріп тастауға қатысты жұмыс тоқтап қалды. Оның орнына берілетін жаңа баспана саны 70 пайызға азайып кетті. Қазір Астанадағы 200 үй тұруға жарамсыз. Қаланың Асан Қайғы көшесін жаңарту бағдарламасы бар. Бірақ 5 жылдың ішінде осы көшедегі ескі үйлердің небәрі 14 пайызы ғана бұзылған. Жұрт ғимараттардың тығыз салынып жатқанына наразы. Құрылысы тоқтап тұрған үйлер әлі де бар. Үлескерлердің шағымы да көп. Кейбір тұрғын үйлерге орталықтан жылу беру мәселесі шешілмеген. Соның кесірінен адамдар дайын тұрған баспанасына көше алмай отыр. Сондай-ақ 360 астам үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Оларды жаңғырту жоспарын әзірлеу қажет», - деді Қ. Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары