Мемлекет басшысы қалада бірқатар түйінді мәселе бар екенін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жалпы, елорданың даму барысы жаман емес. Былтыр әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өсті. Ел өмірінде елордамыздың орны ерекше. Оған қойылатын талап та жоғары. Бұл – тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе. Қазір шаһарда жылу, су, мектеп, балабақша және аурухана тапшылығы бар. Біраз жерде интернеттің сапасы нашар. Мұны ашық айтуымыз керек. Яғни, өзекті мәселе аз емес. Астана – үлкен қала, көшіп келіп, тұрып жатқан азаматтар көп. Сол себепті, әлеуметтік инфрақұрылымға ауыртпалық түседі. Сондықтан, алдағы жұмыс барысында мынадай мәселелерге айрықша назар аудару қажет», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Астананың инфрақұрылымын бірыңғай етіп дамыту қажет екеніне тоқталды.
«Урбанизацияның қазіргі қарқыны сақталса, елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Қала қарқынды дамып келеді, сондықтан бүгінде Бас жоспардың көптеген талабы жүйелі түрде бұзылып жатыр. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамыту – бірінші кезектегі міндет.
Дегенмен, бұл бағытта белгілі бір мәселелер бар. Атап айтқанда, әкімдік 10 жылдан астам ЖЭО-3-ті пайдалануға бере алмай келеді. Жобаны жүзеге асыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріліп, оның бағасы 53 млрд теңгеге қымбаттаған. Бұл мәселе 2019 жылы көтерілгенімен, нысанның дайындығы әлі 83 пайызды құрап отыр.
Соның салдарынан елорда 300 гигакалориядан асатын жылу энергиясының тапшылығынан зардап шегіп отыр. Үкімет әкімдікпен бірлесе отырып, биыл жыл соңына дейін 3-ЖЭО бірінші кезегінің іске қосылуын қамтамасыз етіп, екі газ қазандығының құрылысын аяқтауы тиіс. 3-ЖЭО екінші кезегінің құрылысының орындылығын, мерзімі мен қаржыландыру көздерін анықтау қажет», - деді Қ. Тоқаев.