Балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін ұйымдастырылып отыр
Текелі қаласының әкімдігі балалардың ой-өрісін енді Play Station ойыны арқылы дамытуды көздеп отыр. Қалалық мәдениет үйінде балаларға арналған 10 үйірме мен секциялар жұмыс істейді. Оған 200-ден астам жасөспірім қатысады. Енді олар алдағы уақытта орталық арқылы компьютер ойнауды да қоса меңгермек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Бұл ұсынысты Мәдениет үйінің қызметкерлері әкімдікке ата-аналардың пікірін ескере отырып, ұсынған.
«Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қызмет көрсету бағытына жоғары технологиялық, заманауи нысандарды енгізу туралы тілектерін ескере отырып, компьютерлік бөлмені ашу туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ бөлмені заманауи форматта жабдықтап, PS5 маркалы ойын консолін алу мәселесі қарастырылған», - деді Жетісу облысы Текелі қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жасөспірімдер Play Station арқылы футбол, веложарыс, теннис, регби, хоккей, баскетболдан бастап өзге де көптеген ойын түрлерін ойнай алады.
«Бұл ойын бөлмесінің жұмыс процесінде балаларды заманауи технологиялармен таныстырып, цифрлық сауаттылыққа үйрету, жылдам әрі жедел шешім қабылдау мен моториканы дамыту және т. б. дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік берілмек», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Текелі қаласының әкімдігі қажетті ойын аппаратын сатып алу үшін бюджеттен 450 мың теңге қарастырып, оған тендерді де жариялап қойғаны туралы ақпарат жарияланды.