Текелі қаласының әкімдігі балаларды құмар ойынға тәрбиелемек пе
Ойын аппараты үшін бюджеттен 450 мың теңге қарастырылып, тендер жарияланған
Жетісу облысында балаларды тәрбиелеудің ерекше әдісі жарияланды. Текелі қаласының әкімдігі балаларды компьютер ойынына тәрбиелемек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаладағы мыңдаған балалардың уақытын тиімді өткізудің әдісі ретінде Мәдениет үйінің бір бұрышынан Play Station ойын алаңын ашпақ. Онсызда ұялы телефон мен компьютер ойынынан бас алмайтын балаларды әкімдік енді Play Station ойындарына баулымақ.
«Жалпы балаларға жаңадан үйірме ашу мақсатында қолға алған едік. Мәдениет үйі әкімдікке бағынышты. Балаларға арналған бөлім бюджеттің ақшасына жабдықталады. Нақты қанша екенін айта алмаймын. Жоба мақұлданған», - деді Текелі қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ұлжан Ботбаева.
Қалалық мәдениет үйінің басшысы қажетті ойын аппаратын сатып алу үшін бюджеттен 450 мың теңге қарастырып, оған тендерді де жариялап қойған. Тендерді ұтқан компания Play Station 5 префиксін және теледидарды ақпан айында әкеліп, орналастыруы тиіс.
Өңірдегі қоғам белсенділерінің айтуынша, бұл – бюджеттің ақшасын ысырап ету. Ал ойынға құмартқан балалар мәдениет үйінде Play Station ойнау үшін ұзақ-сонар кезекке тұрады.
Текелі қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі мен ішкі саясат бөлімі толыққанды ақпаратты кейінірек беретінін хабарлады.