Астана мен Бейжің арасында тікелей әуе рейстері қайта ашылады
Рейс аптасына үш рет ұшады

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Қытай Халық Республикасының авиациялық билік органдарымен бірлесіп, халықаралық әуе қатынасын одан әрі қалпына келтіру және ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс аясында Қазақстан мен Қытай астаналары арасында тұрақты рейстерді қайта ашу мәселесін пысықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Биылғы 25 наурыздан бастап «Эйр Астана» әуекомпаниясы Астана – Пекин бағыты бойынша аптасына 3 рейс жиілігімен (дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі) ұшуды қайта бастауды жоспарлап отыр. Рейстер А-321 LR типті әуе кемелерінде орындалады.
Сонымен қатар 13 ақпаннан бастап «Эйр Астана» әуекомпаниясы Алматы және Бейжің қалалары арасындағы рейстерді 1 рейстен (дүйсенбі) аптасына 5 рейске дейін (дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма, жексенбі) біртіндеп, көктемгі-жазғы навигация кезеңде аптасына 5-тен 7 рейске дейін кезең-кезеңімен одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр. Рейстер А-321 типті әуе кемелерінде орындалатын болады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстерінің ұлғаюы екі дос ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени-іскерлік ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ ҚХР азаматтары үшін енгізілген 14 күндік визасыз режимді толыққанды пайдалануға ықпал етеді.